Оқушының баспалдақтан құлауы оқиғасында мектеп директорын жазалау дұрыс емес - Зәуреш Батталова

Астанада оқушының баспалдақтан құлауы оқиғасынан кейін тек мектеп директорын жазалау шешімі дұрыс емес. Бұл туралы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ Президенті Зәуреш Батталова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батталова
Фото: Ақорда

«Жақында Астанада бір бала екінші қабаттан құлап, мектеп директоры жұмыстан қуылды. Бұл оқиғада директорды жазалаудан басқа шешім қабылданбады. Шын мәнінде, негізгі проблема мүлдем басқада. Мектеп директоры әр оқушының қолынан ұстап, баспалдақтан түсіре алмайды. Директорды ғана жазалау - қате шешім», - деді З. Батталова Қоғамдық палатаның отырысында балалар қауіпсіздігі тақырыбын талқылау кезінде.

Оның пайымынша, бұл оқиғада егжей-тегжейлі тексеру жүргізу керек.

«Менің ойымша, дәл осы тұрғыдан алғанда, мұндай оқиғаларға қоғам жағынан тексеру жүргізілуі керек. Осындай мәселелерге қоғам көбірек араласуы қажет», - деді қор басшысы.

Еске салайық, 25 қыркүйек күні Астанада оқушы мектеп баспалдағынан құлап, ауруханаға түсті.

Осы оқиғадан кейін мектеп директоры жұмыстан шығарылды.

 

Соңғы жаңалықтар