Оқушы өліміне қатысты күдікті 2007 жылдан бері психикасына байланысты тіркеуде тұрған - Прокурор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мектеп оқушысының өліміне қатысты күдікті психикалық орталықта тіркеуде тұрғаны анықталды. Бұл туралы бүгін осы оқиғаға арналған брифингте елордалық Есіл ауданының прокуроры Біржан Мажренов мәлім етті.

Оқушы өліміне қатысты күдікті 2007 жылдан бері психикасына байланысты тіркеуде тұрған - Прокурор

«Қазіргі уақытта Астана қаласы ІІД тергеу басқармасымен аталған факті бойынша алдын ала тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала тексеру амалдарын өткізу ҚР Қылмыстық Кодексінің 15-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа жетпеген сезікті қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа, яғни 14-ке толмағандығы негіз болды»,-деді ол.

Осы орайда өлімнің себебін анықтауға бағытталған сот-медициналық сараптама және басқа да сот-криминалистикалық сараптамалары тағайындалды. «Сонымен қатар, күдікті 2007 жылдан психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталды. Алайда биылғы тамызда дәрігерлік-кеңестік комиссияның қорытындысына сәйкес, 2014-2015 оқу жылында жалпы оқу әдістемелік бағдарлама бойынша орта мектеп жағдайында оқуы ұсынылған. Бұл оның орта мектепке қабылдануына негіз болды», - деді Б. Мажренов.

Прокуратураның мәліметінше, кеше сағат 11:30 шамасында Есіл ауданы Ішкі істер басқармасы кезекші бөліміне №76 мектеп-лицейде сабақ барысында 8 сыныптың екі оқушысының арасында жанжал туындап, соның салдарынан біреуі екіншісінің кеуде тұсына анықталмаған затпен соққы жасағаны туралы хабарлама түскен.

Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы оқиғаның мән-жайын анықтауға байланысты комиссия құрылды.