Оқушылардың 70 пайызы үйірмелермен қамтылуы қажет - Г. Әбдіқалықова (ФОТО)

Оқушылар сарайын аралау кезінде Мемлекеттік xатшыға Қазақстан Республикасында балаларға қосымша білім беруді дамытудың стратегиялық тәсілдерінің жобасы таныстырылды. Сонымен қатар "Менің кәсібім" атты кәсіптік бағдарлау блогының жобасы да ұсынылды. Ол қазіргі кезде "Қазақстан темір жолы" және "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компанияларымен ынтымақтастықта табысты іске асырылуда.
"Жыл сайын осы білім ошағында 10 мыңнан астам бала қосымша білім мен дағды алып шығады. Бүгінде 2020 жылға дейінгі Білім беру бағдарламасының жобасы жасақталуда. Осы бағдарламада қосымша білім беруге үлкен маңыз берілген. Республика бойынша 680 мың бала қосымша білім алуда. 860-қа таяу осындай Оқушылар сарайлары бар. Бірақ ол әлі жеткіліксіз деп санаймыз. Себебі, балалардың тек 25 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Басты мақсат - оны 70 пайызға жеткізу. Бізде мектептерде қосымша үйірмелер барын да ескеру керек. Онда шамамен 1 миллион бала дайындалады. Бұндай жерлерде балалар белгілі бір өнерге дағдыланып қана қоймай, болашақта таңдайтын кәсіби машықтарын да дамыта алады. Сондықтан ол мәселе өте маңызды", - деді Г. Әбдіқалықова.