Оқушылардың сөмкесін жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізілуде - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп оқушылары сөмкесінің салмағы жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев осылай деді.

Оқушылардың сөмкесін жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізілуде - БҒМ

«Қазіргі уақытта мектеп сөмкесінің салмағын жеңілдету үшін отандық оқулықтар жұмсақ жылтыр мұқабада әзірленіп, шығарылуда. Оқулықтарды жарты не болмаса төрттен бірге бөліп есептеу шығару жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.

Оның атап өтуінше, баспалар мектеп оқулықтарын жарыққа шығару барысында ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және оқыту нысандарына санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ережесін басшылыққа алады.

«Республиканың жалпы білім беретін мектептері үшін оқулықтардың салмағы бойынша санитарлық-гигиеналық талаптары Ресей, Беларусь, Украина нормаларына сай келеді. Ол бастауыш сыныптар үшін 300, 5-6 сыныптарға 400, 7,9 сыныптарға 500 грамм», - деді вице-министр.