Оқушылардың жеңісі тағы бір алтынмен және қоламен толықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерімен бізді қуантуды жалғастырып келеді. Олар Географиядан халықаралық олимпиадада (IGeO-2022) 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Ұлттық құрама қоржынына алтын медальді Санжар Хамитов (Ақтөбе қ.) әкелсе, Еркебұлан Тазабек (Шымкент қ.) қола жүлдені еншілеген.

«Бұл еліміздің беделді олимпиадаға қатысу тарихындағы қазақстандықтардың екінші алтын медалі екенін атап өткім келеді.

Биыл зияткерлік жарыстарды Франция ұйымдастырды. Бұл сайыстарға әлемнің 54 елінен 216 оқушы қатысты.

Балаларымыздың математика, физика және енді география пәндерінен олимпиадалардағы жоғары жетістіктері олардың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Оқушыларды жеңісімен құттықтаймын! Біз сендерді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ балаларға сапалы білім беріп жатқан ұстаздарға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Дарынды балаларды тәрбиелеген ата-аналарға да рахмет», - делінген ведомство басшысының жазбасында.

Асхат Қанатұлының айтуынша, биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары бұрын-соңды болмаған қолдау шараларына ие болады. Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы төлеу және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдау қарастырылып отыр. Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн-нан аса теңге, қола медальға 1,5 млн-нан аса теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады.





Фото: www.facebook.com/askhat.aimagambetov


Соңғы жаңалықтар