Оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс. Экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек. Бірінші - білім беру сапасын жақсарту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығына қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары екендігін атап өтті.

«Бірақ, мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуміз керек», - деді Мемлекет басшысы.





Соңғы жаңалықтар