«Оқығандар» тiлдi бұзып барады...» - баспасөзге шолу
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгiнгi санында Еуропадағы дағдарысқа қатысты сараптама материал жарыққа шықты. «Еуропа одағын «елес» кезіп жүр» атты мақалада Грекиядағы аумалы-төкпелi кезең, «кәрi құрлықтағы» валюталық тұрақсыздық, экономикадағы құлдырау сөз болған.
«Келіп жатқан жыл бір кездері барынша қуатты да әлеуетті көрінген Еуропа одағының да келешегі күмән бола бастағанын байыптап байқата бастады. Оның шынжырының бір шебін 25 қаңтарда Грекияда өтетін парламент сайлауының қорытындысы бұзып кетуі де мүмкін. Егер сарапшылар болжап жүргендей, Эллада елі одақ аймағынан шыға қалатын болса, көп ұзамай мұның соңынан «Кәрі құрлықтың» түстіктегі бірқатар мемлекеттері кетуі де ғажап емес. Бұл да ештеңе емес, бұрнағы күні Еуропа одағының «қамытын мойнына киіп», осы кезге дейін оны «өгіздей өрге сүйреп» келе жатқан басты демеуші - Германия өзінің гректерден бұрын бұл ұядан кетіп қалуы ықтимал екенін жария етіп қойды. Егер бұл шынымен орындалар болса, одақтың тарағаннан басқа ешбір амалы қалмас еді. Осының бәрі қазіргі күндері Еуропа одағының өзін «елес» кезіп жүргенін байқатады. Ал әлем экономикасы қазір үлкен таңдаудың алдында, нағыз жолайрықтың бойында тұр. Жаһанның бұдан әрі дамуы мен өркен жаюы осы түйіннің қалай шешілгеніне байланысты болмақ», делiнген мақалада.
«Айқын» газетi қазақ тiлiндегi қазiргi замандағы мәселелердiң бiрiн көтерген «ОҚЫҒАНДАР» ТІЛДІ БҰЗЫП БАРАДЫ...» атты мақала жарияланды.
«Қазіргі таңдағы интернет желілеріндегі әлеуметтік желілердің тілі де лебіздің қасаңдануына әкелеріне дау жоқ. Айтылар сөзді бағаламай, «айтқан өз аузым» психологиясы лебізде жаргондарды, диалектілерді, варваризмдерді қолдандырып қана қоймай, сонымен бірге сөзді бұрыс қолдануға, қалай болса солай сөзді бұзып жұмсауға алып келуде.Тіл табиғатынан әлеуметтік құбылыс болғандықтан, бұған бейжай қарауға болмайды. Қазіргі әлеуметтік желілерде екі сөйлемді қате жазғаннан немесе бір сөзді, мақалды, тұрақты тіркесті бұрыс қолданып қойдым деп, ешкімнің де басы ауырып, қиналып жатқан жоқ. «Мен қате жазғаннан қазақ тілі бұзылып кетпейді» деген ой әр санада орын тепсе, не боламыз. Сонда бәріміз де солай бұрыс жазып, бұрыс қолданыстарды тұрақтатып, тұрақты тіркестерді орынды-орынсыз қолданып, варваризмді күшейте берсек, тілдік қолданыс қайда барады? Дұрыс жазып, дұрыс сөйлейтіндерді шеттен іздейміз бе?», деп жазады автор.
«Айқын» баслымы «Жас бола ма, бас бола ма?» атты тағы бiр мақаласында автоорындықтар тақырыбын талқыға салып отыр. «Автоорындыққа байланған Әйтеке биді, таксиге таңылған Төле биді, автобустың қорабында қалтылдаған Қазыбек биді көз алдыңызға елестете аласыз ба?!. Үкімет 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслоға таңып қойды.
Демек, 12 жасқа дейін біздің балалар - сәби деген сөз. Сонда бабаларымыздың «Он үште - отау иесі» деген даналығы қайда қалды?!.» дейдi автор мақалада.
Қазақстандық ғалымдар бензиндi көмiрден алуды ұсынды, деп хабарлайды ресми тiлде жарық көретiн «Экспресс К» басылымы.
«Мұндай жанар-жағармайдың құны аса төмен болады. Бiлiм және ғылым министрлiгi Технологияларды коммерциаландыру орталығының директоры Дамир Егiзбаев хабарлағанындай, автоотынды осындай технологиямен шығару әдiсi бiздiң елде биыл көктемде басталып кетпек», делiнедi онда.
Толығырақ «Автомобили заправят углем» атты мақаладан оқуға болады.