«Оқытушылардың бәрі үздік пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 желтоқсан, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше «Қазмедиа» ғимаратында Орталық коммуникациялар қызметі өткізген дәстүрлі брифингте сыртқы сая­сат мәселесі сөз болды. Брифингтің қонағы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шартарапқа танылған сыртқы саясаттағы сан қырлы жұмыстарды назарға ұсынды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Шартарапқа танылған саясат» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, дәстүрлі брифингте өзі басқаратын ведомствоның бір жылдық жұмысын журналистерге жайып салған министр шартарапқа көз тігіп, алыспен де, жақынмен де дипломатиялық қатынастар орнатып, әлемге танылған бейбіт саясат ұстанған елдің алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ерлан Әбілфайызұлы Қазақстан дипломатиясы шиырлаған жолдарға кеңінен тоқталып өтті. Біздің саясат үшін «қара құрлық» та, Оңтүстік-Шығыс Азия, Тынық мұхиты жағалауларын жайлаған елдер де, Латын Америкасы да қызғылықты. «Жалпы, Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды даму барысы шын мәнінде Азия-Тынық мұхиты өңірлері елдерімен екіжақты және көпжақты байланыстардың кеңеюін талап етеді. Сондықтан да, сыртқы саясат ведомствосы Азия-Тынық мұхит өңірлерінің елдерімен сауда-экономикалық, инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықты ең жоғары деңгейде пайдалануға мүдделі», - деген министр бірқатар елдерде елшіліктер ашылатынын да айтып өтті. Олардың қатарында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы, Латын Америкасындағы, Африка­дағы елдер де бар.

Белгілі актер Бауыржан Ибрагимовтың «Бауыржан-шоу» театрының құрылғанына осы желтоқсанда жиырма жыл толды. Елордадағы Конгресс-Холл сарайында соған орай 26-27 желтоқсанда екі күн қатарынан концерт қойылмақ. Концерт алдындағы дайындық барысы, актердің соңғы уақыттағы ізденістері мен жоспарлары туралы, басқа да бірқатар сауалдар қою мақсатында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ибрагимовтың өзіне жолыққан. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біз төрт жыл сахнаға шықпай кеттік. Енді шықсақ, халықтың ризашылығын алатындай қойылым көрсетуге тиіспіз. Сол үшін жігіт­терге бар жұмысты тастап, он күн бұрын Астанаға келу керек деген талап қойдым. Авторлардың дайын дүниесін сахнада өзгертетін тұстар бар. Мысалы, қанша керемет жазылғанымен, сахнада ойналмай қалатын дүниелер болады. Оны өзгертуге уақыт керек. Осы жолы 20 жылдығымызға байланысты Асқар Наймантаевқа қолқа салдым. 4-5 қойылымға тапсырыс бердім. Баяғыда марқұм Марат Сахатовтың кезінде басқа авторлармен жұмыс істемейтінбіз. Ол өзі сценарист, өзі жазушы, өзі режиссер болатын», деді. Сұхбат «Әзілге әрқашан орын бар» деген тақырыппен берілген.

***

«Бір мысал...Жыл сайын жоғары оқу орындары оқытушыларына арналған Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау конкурсы өтеді. Әрине, дұрыс. Қазір ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге құмар жандар көбейген тұста үздік оқыту­шы­лардың тынымсыз еңбегін бағалап, соған сай лайықты құрмет көрсеткеніміз абзал. Бұған ешкім де дау айта алмайды. Десек те «Үздік оқытушы» атағын алуға үміттілер көбейген сайын күдік те көбейді», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Оқытушылардың бәрі үздік пе?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, мұны жоғары оқу орындарында дәріс беретін оқытушылардың өздері айта бастаған. Мәселен, редакцияға хат жолдап, аты-жөнін атамауды жөн көрген авторлардың бірі: «Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау конкурсы адал өтетіндігіне күмәнданатын жөніміз бар. Өйткені кейде министрлік қойған талаптардың үдесінен шықпайтын оқытушылар да «Үздік оқытушы» атанып жүр. Ең бастысы, конкурста бір рет жеңімпаз болғандар екінші рет грантты алмайтын болса. Ал бір адамның қайталап алуына мүмкіндік беру грант алуды бизнеске айналдыр­ды. «Ала берсем» деген оймен байқаудан бас тартпайтындар көбейді», - дейді.

Қазақстанда «контрмагнит» қалалар пайда болады. Олар ірі мегаполистеріміздің айналасында бой көтеріп, оларды «шектен тыс қоныстанудан» қорғайды. «Айқын» газетінің жазуынша, Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында осындай қызықты жаңалық жария болды. Аталған мәселеге байланысты негізгі баяндама жасаған Өңірлік даму министрінің орын­басары Қайырбек Өскенбаевтың түсіндіруінше, Қазақстанда «шектен тыс қоныстану проблемасын шешудің жаңа стратегиялық жолдары қалып­тастырылды. «Атап айтқанда, агломера­ция­лардың, ірі қалалардың және олардың қаламаңы аумақтарының стихиялы және жүйесіз жайылуын болдырмау үшін еліміздегі үлкен қалалар айналасында, «маятниктік еңбек миграциясы» радиусында «қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарын» белгілеу ұсынылады. Ал ірі қалалар айналасындағы «маятниктік еңбек миграциясы» аралығынан асатын қашық­тықта «контрмагнит-қалалар» қалыптастырылады. Олар агломерация­лар орталығынан көші-қон ағындарын өздеріне тартып алады», - деді вице-министр. Мақала тақырыбы - «Контрмагнит» қалалар салынады.

Соңғы жаңалықтар