«Оқжетпес» тағы жеңілді, «Ұлытау» көш басына шықты

«Оқжетпес» футбол клубы
Фото: fcokzhetpes

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан Бірінші лигасының ХХV туры мәресіне жетті. Әзірге Қазақстан Премьер-лигасының жолдамасына ие болған екі команда толық анықтала қойған жоқ. 

Көкшетаудың «Оқжетпесі» бірнеше тур бойы сәтті ойын өткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алған еді. Кейінгі бес ойында олар екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Аталған ұжым бұл жолы сырт алаңда алматылық «Қайрат-2» командасына 0:1 есебімен есе жіберді. Есесіне оларды өкшелеп келе жатқан Жезқазғанның «Ұлытауы» өз алаңында Түркістан облысының «Арысын» 4:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде «Ұлытау» бірінші, «Оқжетпес» екінші орынға жайғасты. Екеуінің де еншісінде 54 ұпайдан бар.

Сондай-ақ аталған турда ақтаулық «Каспий» Оралдың «Ақжайығын» 3:0, алматылық «Хан Тәңірі» өскемендік «Алтайды» 2:1 есебімен жеңді. Ал, елордалық «SD Family» Павлодар облысының «Екібастұзынан» 0:3, «Tүркістан» командасы «Жетісайдан» 1:2, «Ақтөбе-2» қызылордалық «Қайсар-2» клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Алдағы тур ойындары 10 қазан күні өтеді. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан Премьер-лигасының ХХІІ турында бес ойынның нәтижесі белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram