Ол кезде жұмыс талғамайтынбыз: тыл ардагері соғыс кезі туралы

Қария
Фото: Жазира Мергеншінованың жеке мұрағатынан

Тоқсаннан асқан Жазира Мергеншінова Өскемен қаласында тұрады. Сұрапыл соғыс жылдары оның жасөспірім шағына тұспа-тұс келген. ҚазАқпарат тілшісі 1 қазан – Қарттар күніне орай әжейді әңгімеге тартып, сол бір қилы заман жайлы естеліктерін тыңдап қайтты.

Жазира әже Самар ауданы Көкжыра ауылынан Өскеменге 2013 жылы қоныс аударған. Қазір ұлы мен келінінің қолында, қос немересінің қызығын көріп отыр. Соғыс кезіндегі қиын-қыстау күндерді есіне алса, ақ жаулықты апаның бір күліп, бір жылап алатыны бар.

«Самар ауданында асау тайыншамен алысып, өгіз айдаған өрімдей жасөспірімдер арасында біздер де болдық. Жастар ысқырып, қиқуға басып, үйретілмеген өгіздерді бір кісідей айдайды. Ең асауын алдыға жектік, момындары солардың ізін ала шана сүйрейді. Осылай жүріп, үш-төрт күн уақыт өтеді. Кешке әбден діңкелеп үйге жетеміз. Шаршаған түрімді көрген Нұрбәтіш шешем: «Шыдай тұр қызым, көп ұзамай әкең де соғыстан келіп қалар», - деп жұбатып қоятын. Содан бір жылы біздің жақта бидай шықпай қалып, қазіргі Алтай ауданының бір ауылына жіберді. Ол жақта қап-қап бидайды комбайнға тасып, тер төктік. Жұмыс қауырт еді, комбайн бір сәт кідірмейінше демалыс жоқ», - дейді ол.

Міне, осылай қыздар 40-50 келілік қаптарды тоқтаусыз қатарласа тасыған. Қарбалас тірліктен әбден қалжырап жүргенде анасының «Әкең де келіп қалар» деген бір ауыз сөзі күш беретін. Бірақ, сарыла күткен Қайса әкесі соғыстан сол беті оралмады. Бұл уақытта қара жұмысқа әбден машықтанған қыздар аштыққа біртіндеп бой үйреткен. Азғантай картоп көже мен бір кесе қара шайды күні бойы талғажау етеді.

«Асқазан шұрқырап жүреді. Кешкісін ас-су ұсынса ұсынады, жоқ болса жай тынығып алуға тырысатынбыз. Сөйтіп, жылдар сырғып өтіп жатты. Әйтеуір, майдан шебінен жақсы жаңалықтар естілді. Неміс басқыншыларының шебі қирап, айбыны қайта бастапты. Бұл 45-ші жылдың көктемі еді», - дейді Жазира Мергеншінова.

Әжеміздің айтуынша, ел-жұрт арасында Кеңес әскерінің күш ала бастағаны жайлы сөз тарады. Десе де, тылда тер төгіп жүргендердің жұмысы көбеймесе азайған жоқ. Содан соң көптен күткен Жеңіс жалауы желбіреді! Халық бір-бірін құшақтап, мәз-мейрам болысты.

«Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанда біз де ер азаматтармен барлық дерлік тірлікке араластық. Аптап ыстықта шөмеле үйісіп, қыстың көзі қырауда ауылдан бірнеше шақырым жердегі сельсоветке мәлімет қағазды жаяу апарғаным көз алдымда. Мәлімет дегенде – жұмысшылардың қанша өнім, жүн алғаны, қанша шөмеле үйілгені жайлы ақпарат ғой. Әсіресе, қыста қауіпті болды. Төңіректі торуылдаған аш қасқырлар тап бере ме деп зәрең қалмайды», - дейді тыл ардагері.

Колхоз уақытында ол фермада сауыншы болған. Тазалыққа қатты мән беріп, айналасын жылан жалағандай етіп жинастыратын.

«Колхозда жұмыс істеп жүргенде жұбайым Биғазымен танысып, отау құрдық. Тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт ұл, төрт қыз сүйдік. Оларға барымызды беріп бағып-қақтық, өсіріп жеткіздік. Жарым 2000 жылдардың басында қайтыс болған», - дейді Жазира Мергеншінова.

Кейуана «Ана даңқы» орденімен, Ұлы Жеңіске 50, 55, 60, 65, 70, 75 жыл мерекелік медальдарымен марапатталып, «Алтын алқа» иегері атанған. Сөз соңында ол жастарға өз ақылын айтты.

«Осы бейбіт күннің қадірін біліп, еңбектің жалауын жықпаңдар. Еңбек етсең бәрі болады. Ал жалқаулық атты дерттен жастарымыз аулақ жүрсін деймін! Біз сол заманда жұмыс талғамайтынбыз. Ал қазір оқу оқып, қалаған салаңа баруға болады ғой. Сол үшін бүгінгі ұрпақ бақытты!» - дейді әже.

Соңғы жаңалықтар