Олаф Шольц сайлауда жеңілгенін мойындады

АСТАНА. KAZINFORM — Экзитпол нәтижелеріне сәйкес Шольцтің партиясы Бундестагқа мерзімінен бұрын өткізілген сайлауда сәтсіздікке ұшырап, тек үшінші орынға ие болды.

Олаф Шольц
Фото: Kay Nietfeld / dpa / Global Look Press)

Бұл туралы Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жексенбіде Германияда кезектен тыс парламенттік сайлау өтті. Ол ЕО-ның ең ірі мемлекетінің алдағы төрт жылдағы бағытын анықтайды.

Экзитполдың мәліметі бойынша Германияның Христиандық-демократиялық одағы/Баварияның Христиандық-әлеуметтік одағы блогы шамамен 29% дауыспен көш бастап тұр. Екінші орынға — әсіре оңшыл «Германия үшін балама» партиясы (шамамен 20% дауыс) орналасты. Ал Германияның солшыл бағыттағы Социал-демократиялық партиясы 16% дауысқа ие болып, үшінші орынға тұрақтады.

Сайлау нәтижелері Германияның Христиандық-демократиялық одағы/Баварияның Христиандық-әлеуметтік одағы блогы коалиция құруы керек екенін көрсетеді. Бұл ретте Олаф Шольцтің орнына канцлер ретінде Фридрих Мерц келуі мүмкін.

Еске салсақ, бұдан бұрын Германияда парламенттік сайлау басталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар