Өлемін немесе өлтіремін: Берденов ісінде куәгер сотта не айтты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс бойынша сот тыңдалымы жалғасып жатыр.

Кезекті отырыста Шымкент қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы қызметін атқарған Асанбай Ахментаев куәгер ретінде жауап берді.
Оның айтуынша, жиналыстарда Руслан Берденов бөлім қызметкерлеріне жұмысты таза әрі сапалы атқару қажеттігін үнемі ескертіп жүрген.
— 3 сәуір күні біз бірге кірдік. Сол жерде үшеуміз отырдық. Алғашқыда Руслан Арысбекұлы Ернар Жиембайдың қызметтік формасына ескерту жасады. Кейін презентацияны көргеннен кейін, «жұмыстарың осы ма», — деді. Басқарма басшысы болсын, басқа салалармен жиналыс өткізгенде де «таза жұмыс жасаңдар, әйтпесе антикор тексеріс жүргізеді» деп ескерту жасайтын. Бұл жолы да сондай талап айтты. Содан Ернарға «бұлайша жұмыс істейтін болсаң, жұмысты қоя салшы. Маған жұмыс істейтін адам керек. Екеуміз жұмыс істесе алмаймыз. Өтініш жаз» — деді. Ол келісімін берді, — деді Асанбай Ахментаев.
Алайда 14 сәуір күні жағдай шиеленісе түскен. Куәгердің айтуынша, сол күні түстен кейін Ернар Жиембай Асанбай Ахментаевқа бірнеше рет қоңырау шалған.
— Тоқтамай қоңырау шалды. Алғашқыда ала алмадым. Арасында алғанда даусынан оның ашулы, тіпті мас күйде сияқты сезіндім. Маған: «Мен біреуді өлтіремін немесе өлемін. Русланды бір минутқа үй жағынан алып шықшы, жігітше сөйлесейін, — деді. Мен бұл сөздерді байыппен қабылдаған жоқпын, — деді ол.
Бұл деректі Руслан Берденовтың көмекшісі Талап Рахымбердиев те растады. Оның айтуынша, Ернар «Өлемін немесе өлтіремін, екеуінің бірі болады» — деген.
Берденов мұны естігенде: «Не үшін өледі, не үшін олай айтып жатыр? Өліп қалмасын байқаңдар» — деген.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.