Өлеңмен «шашы ағарған қызды» бүкіл ел жоқтайтын болады - Фариза жайлы толғаныс

Қазалы хабарды естігеннен бері Арқа мен Атырау, Алатау мен Ақ Жайық, Алтай мен Ақтөбе, жалпақ қазақ елі тегіс қайғыруда. Ақынның туған жері - Нарын құмының аспанын қара бұлт торлап тұрғандай. Ол кезінде кітабының атауын «Шашы ағарған қыз» деп қойғанындай, Фариза ақынның өлеңмен шашы ағарды. «О баста қиындау тағдыры боп көріскен» өлеңді өмірлік серігі етті. Махамбетке тән мәрт мінезбен туған елін жырлады. Өзі бір көтерілген биіктен түскен жоқ. Қайран Мұқағали «қыз да болса», Фаризаға ғана мұң шақты. Өйткені онда Махамбет ақынның өршіл рухы бар еді. Ол өмірден өтетінін білді, сондықтан бар жазғанын жинастырып, түгендеп, халқына тапсырып кетті. Өмірін өлеңмен бастап, нүктесін де өлеңмен қойды. Халқының мәңгілік жоқтайтынын да сезінді. Бір ғана жұбаныш, ақын мұрасының мәңгілік екендігінде. «Жүзіңді алғаш көргенде-ақ біткен бір сенім, О бастан оқшау ту тіге келген жыршы едің! Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз өзіңді - Өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің», - деп Меңдекештің Төлегенді жоқтағанындай, бізге де енді жоқтау, өлеңіне тоқтау ғана қалды. Аракідік кездескенде, хал сұрап, іштартуының өзі бізге жетіп жататын еді. Енді ондай қамқорлық жетпей, жалғызсырап қалған ақын іні, сіңлілері қаншама. Бірақ қазақ өлеңінің туы құламақ емес. Өйткені ол кешегі Қадыр ақындардың ізімен өлмеске қадам басты. Алаш жұртына көңіл айта отырып, біз де сөзімізді мына өлең жолдарымен түйіндегіміз келеді: Бұл тірлік суық кейде көк темірден, Ақын ба біреулерге көп көрінген... Аһ ұрып артында оның Өлең қалды, Ақыры Фариза да өтті өмірден.
Жамылып қара шәлі жаһан көп күн, Күні де күңіреніп батар көктің. Шоқтығы Атыраудың аласарып, Отты үні өшкендей ме Махамбеттің?!
Маңдайын тасқа соғып қасқа құлан, Қыран құс құлады ма асқарынан. Дарынның ғұмырына нүкте қойды, Нарынның жұлдыз ағып аспанынан.
Тұрғанда жүрек тоқтап, тіл байланып, Дүние жүре берді жырға айналып. Өз елін сүйетұғын өрен болса, Өлеңін Фаризаның тыңдайды анық.
Бұл ажал сан үмітті үзе келді, Арулар жыр моншағын тізе ме енді. ...Ән қылып халқы ұдайы айтады анық Мәңгілік қартаймайтын Қыз-өлеңді!
Ғайсағали Сейтақ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.