Олимп шыңына көтеріліп, көк туды биікте желбіреткім келеді — Өнер Сейілхан
ОРАЛ. KAZINFORM — Батысқазақстандық боксшы, 17 жастағы Өнер Сейілхан үшін биылғы жыл сәтті болды. Алдымен жастар арасында Азия чемпионы атанған Өнер Черногорияның Будва қаласында өткен әлем біріншілігінде де үздік шықты. Kazinform тілшісі Батыс Қазақстан облысы тарихында алғаш рет жастар арасында Азия және әлем чемпионы атанған боксшымен сұхбаттасқан еді.

— Өнер, есімің ерекше екен. Кім қойды?
— Атымды атам Сейілхан Ғайниев қойды. Әжем Нағима Саматова екеуі Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылында ұзақ жыл ұстаздық еткен адамдар. Өнерлі болсын деген шығар. Бірақ мен спорт жолын таңдадым.
— Ендеше, боксқа неше жасыңда келдің?
— Бокспен тоғыз жасымнан бастап айналыса бастадым. Алдымен күреспен де шұғылданып көрдім. Бокс үйірмесіне туған ағам, 2005 жылғы 18 шілдеде дүниеге келген Әмір барды алдымен, соңынан мен ілестім. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде оқып жатқан Әмірдің табыс-жетістіктері де жоқ емес. Ол 2019 жылы Кувейтте жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Осы жерде айта кетейін, өмірден ерте кеткен әкем Айдостан Әмір төрт, мен екі жасымда қалдым. Анам Айгүл бар. Менің аяғымнан тік тұруыма ата-әжем, сол кісілердің кенже ұлдары Мирболат ағамның көмектері көп болды. Өйткені бастапқы кезде сабақтан кейін боксқа баруым оңай болған жоқ. Алдымен № 45, сосын № 19 орта мектепте білім алдым. Жаттығуға автобуспен, кейде жаяу баратын едім. Кейін олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне түсіп, соны биыл бітіріп шықтым. Күні бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт факультетінде бірінші курста оқып жатырмын.
Алғашқы бапкерім, марқұм Ернар Нұриденов 2020 жылға дейін жаттықтырып, бокс әліппесін үйретті. Содан кейін Ержан Киндихов шеберлігімді шыңдады. Қазіргі кезде Берік Жарылқасынның қол астында жаттығудамын.

Бапкерлерімнің арқасында 2019 жылдан бастап жасөспірімдер арасында ел көлемінде көзге түстім. Төрт мәрте қатарынан Қазақстан чемпионатында топ жардым. Соның ішінде биыл наурыз айында Оралда өткен ел біріншілігінде үздік шықтым. Құрамаға ілігіп, жаттығып келемін.
— Қазақстан құрамасында жаттығу барысы да өзгеше шығар?
— Әрине, онда бапкерлер бөлек. Жан-жақтан өзіңмен теңдес боксшылар келеді. Олармен қолғап түйістіріп, тәжірибе жинақтайсың. Осының бәрі шеберлігіңді ұштай түсуге септеседі.
— Астанада жастар арасында өткен Азия чемпионатында кімдермен жұдырықтастың?
— Әуелі қырғыз боксшысын қапы қалдырдым. Екінші жекпе-жекте қытайлықтан басым түстім. Финалда үнді спортшысын 5:0 есебімен жеңдім.

— Ал Черногориядағы әлем біріншілігінде ше?
— Онда алдымен Беларусь боксшысымен жұдырықтасуыма тура келді. Алғашқы ұрыс қашанда қиын болады. Дегенмен есеп 5:0 болып, менің пайдама шешілді. Сосын Пәкстан өкілін үшінші раундта екі рет нокдаунға жіберіп, төрешілер жекпе-жекті тоқтатты. Албаниялықтың бойы мен қолы ұзын болғанымен, одан да айламды асырдым. Жартылай финалда өзбек боксшысы қарсы келді, солақай екен, оңайға түскен жоқ. 4:1 есебімен жеңіске жеттім. Соңғы бәсекеде ресейлік Алексей Гуковпен бетпе-бет келдім. Жыл басында әлем кубогында Черногорияның сол Будва қаласында Гуковтан ұтылып қалып едім. Соның қарымтасын қайырдым, есеп — 5:0.
— Жастар арасында әлемдік додада үздік шығып, ағайын-тума ғана емес, барша Ақ Жайық жұртшылығын қуанышқа бөледің. Бапкерің Берік Жарылқасынмен бірге Бөкей ордасы ауданына барып, туған жерің төрге шығарып, ат мінгізіп, қошемет көрсетті.
— Бұл да бізге елдің шынайы ықыласы шығар. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов қабылдап, жергілікті жастармен, ауылдастармен кездестік. Мұндай риясыз жүздесулер қанат бітіріп, бізді жаңа биіктерге жетелей түседі деп ойлаймын.

Жастар арасында әлем чемпионы болғаннан кейін маған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді. Бұл да өмірімдегі бір белес деп есептеймін.
— Өзбек боксшысымен кездестім деп жатырсың. Жұдырықтасу өнерінде әлемде қазақтар мен өзбектер арасында бәсекелестік жоғары екендігі белгілі. Олардың ерекшелігі қандай?
— Иә, өзбек боксшыларымен шаршы алаңда қолғап түйістіріп жүрмін. Олардың еңбекқорлығын ерекше атап айтар едім. Көп нәрсе үзбей жаттығуға, осы үрдістің дұрыс жолға қойылуына байланысты ғой.
— Бапкерің Берік Жарылқасын бір сөзінде қытайлық спортшылардың төрт жасынан бастап айналысатынын, олардың еңбекқорлығын айтып, ұйқы режиміне көңіл бөлу, телефонға тәуелді болмау керектігіне баса мән берген екен. Бұған байланысты не қосар едің?

— Өте дұрыс айтады. Мезгілінде ұйықтап, ағзаңды демалту аса маңызды. Режимді қатаң сақтау керек, әйтпесе көздеген мақсатыңа жете алмайсың. Осы орайда бапкеріміздің сөзін қалт етпей орындаймыз. Ол кісінің айтқаны заң.
— Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқанындай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейсің ғой?
— Сөз жоқ. Тәртіп болмаса, кез келген салада табысқа жету қиын.
— Өнер, 69 келі қазақтың салмағы болып аталып кеткені мәлім. Тарқатып айтсақ, 2004 жылы Афины Олимпиадасында дәл осы салмақта Бақтияр Артаев топ жарып, Вэл Баркер кубогының иегері атанды. Төрт жылдан кейін Бақыт Сәрсекбаев Бейжіңде үздік шықты. 2012 жылы Лондонда жеңіс тұғырына көтерілген Серік Сәпиев Вэл Баркер кубогына қол жеткізді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Данияр Елеусінов ел үмітін ақтады. Алайда содан кейін қазақ боксшыларының бағы жана қойған жоқ. Қазір 69 келі жоқ, оның орнына 71 кг бар. Демек, осы салмақта ағаларыңның даңқты жолын жалғастыра аласың ба?
— Желтоқсан айында 18 жасқа толғалы отырмын. Яғни жаңа жылдан бастап ересектер арасына өтемін. Бапкерім 75 келіге ауысасың деді. Қазақстанда бұл салмақ дәрежесінде де бәсекелестік өте жоғары. Ересектер арасында өзіңді дәлелдеудің аса қиын екендігін түсінемін. Батыс Қазақстан облысынан Қазақстан құрамасы сапында Даниял Сәбит, Сабыржан Аққалықов сияқты ағаларымның ел намысын қорғап жүргені белгілі. Енді солардың қатарына қосылсам деймін.

— Соңғы сауал, алдағы арман-мақсаттарың жөнінде айта кетсең?
— Арман біреу — ересектер арасында әлем чемпионатында, содан кейін Олимпиадада топ жарып, қазақтың көк туын биікте желбіретсем деймін. Ең бастысы, ақ жүріп, адал еңбек етіп, ел намысын абыроймен қорғағанға не жетсін!
— Әңгімеңе рахмет. Алдағы арманыңа жетуіңе тілектеспін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Абзал Әжіғалиевтің өзіне мұз және жылдамдық өте ұнайтыны жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.