ОЛИМПИАДА-2012: Лондонда Қазақстан әнұраны бесінші рет шырқалды -сегізінші күннің қорытындысы

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше, 4 тамызда ауыр атлет Илья Ильин Қазақстан қоржынына бесінші "алтын" салып, ел тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш спортшы атанды.
None
None

Лондон Олимпиадасында 94 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Илья Ильиннің алдын ешкім орай алмады. Ол Олимпида және Әлем рекордтарын қайта жаңартты. Ал оның басты қарсыласы атанған ресейлік Александр Иванов Ильяның шаңына да ілесе алмай қалды. Есте болса,  дәл осы спортшы «Спорт экспресс» басылымына берген  сұхбатында: «Ильиннің Лондонда жеңіске жететініне үлкен күдікпен қараймын. Әрине, мен жеңіске жетемін деп отырғаным жоқ. Бірақ оны жеңетін бір атлеттің шығатынына сенем. Ал өз басым, Ильинді мықты спортшы деп санамаймын», - деген еді.

24 жастағы қазақстандық зілтемірші 2005 жылы халықаралық жарыстағы өзінің алғашқы жеңісінен кейін ешқашан ұтылып көрмеген екен.

Екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанған зілтеміршімізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жарыс аяқтала салысымен телефон шалып, құттықтады. «Телефон шалып, құттықтаған Нұрсұлтан Әбішұлына, Қазақстан халқына рахмет!», - деді жеңіске жетіп шаттанған жеңімпаз жерлесіміз.

Ал екінші зілтеміршіміз Алмас Өтешев қос жаттығудың нәтижесінде 395 келіні бағындырып, жетінші орынға тұрақтады. 

94 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсететін Илья Ильин Олимпиада чемпионы, әлемнің ерлер арасындағы 3 дүркін, жастар арасындағы 2 мәрте чемпионы.

Осылайша, ұлттық құрама қоржынына 5-ші Олимпиада алтыны түскен Қазақстан, Ресей Федерациясы мен Солтүстік Кореяны артқа тастап,  жалпы командалық есепте 8-ші орынға көтерілді.

Сонымен қатар, кеше шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген қазақ боксшылары - Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов пен Серік Сәпиев сауатты өнерлерімен көңілімізді бір серпілтті.

Лондон Олимпиадасында 64 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Данияр Елеусінов 1/8 финалдағы қарсыласы ирандық Мехди Толоутибандты айқын басымдықпен ұтты.

Бірінші кезеңде үш ұпаймен басымдық танытқан Данияр екінші раундта қарқынын күшейтіп, есепті 12:5-ке жеткізді. Ал шешуші кезеңде де ирандық боксшыға еш мүмкіндік бермеген боксшымыз жарысты  19:10 есебімен аяқтап, жеңіске жетті. 

Айта кетейік,  ирандық Мехди Толоутибанди 1/16 финалда спандық былғары қолғап шебері Джонатан Алонсо Флетені 16:12 есебімен жеңсе, біздің спортшы американдық қарсыласын 19:9 есебімен ойсырата ұтып, еліне жүлдесіз қайтарған болатын.

Данияр Елеусінов 21 жастағы астаналық спортшы. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол Қазақстан чемпионы (2010-2011 жылдары), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы). Данияр жолдаманы жақында елордада өткен  Азиялық іріктеу турнирінде қанжығасына байлады.

Боксшы Біржан Жақыпов та енді ширек финалға өтті. Лондон Олимпиадасында 1/8 финалда шаршы алаңға шыққан боксшымыз филиппиндік Марк Барриганы жеңді.

Бірінші таймда 5:4 есебімен басым түскен жерлесіміз, екінші раундта 6:3 есебімен жеңіліс тапты. Үшінші раунда қарқынын үдете түскен Біржан 9:3 есебімен қарсыласын ойсырата ұтты. 

Айта кетейік, 1984 жылы туған шымкенттік Біржан Жақыпов Мырзағали Айтжановтың қол астында жаттығады. 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы XVI жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Бокс құрамасының капитаны Серік Сәпиев те бұл күні Олимпиада жүлдесіне біртабан жақындады. ХХХ жазғы ойындарда қазақ елінің атынан жарыс жолына шыққан Серік Сәпиев жапондық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты. Үш кезеңде де өзінің басымдығын танытқан Серік, тіпті екінші раундта жапондық Ясухиро Сузукиді нокдаунға жіберді. Дегенмен, жапон спортшысы өзінің тәжірибесі арқасында жекпе-жекті соңына дейін жеткізе алды. Шаршы алаңдағы кездесу 25:11 есебімен С.Сәпиев пайдасына шешілді.

Сонымен қатар Әділбек Ниязымбетов эквадорлық боксшыны еліне қайтарды. Олимпиада ойындарында 81 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген боксшымыз Әділбек Ниязымбетов эквадорлық қарсыласын қапы қалдырды.

1/8 финалда біздің спортшыға қарсы шыққан эквадорлық  Карлос Гонгора Меркадо еш қауқар көрсете алмады. Шаршы алаңның шаңын шығарған Әділбек қарсыласынан 13:5 есебімен  басым түсті.

Нәтижесінде Қазақстан Олимпиада ойындарында 6 боксшымен қалды. Төртжылдықтың басты спорт сайысына келген кілең мықтылардың арасында саптағы спортшылардан шашау шығармай, финалдық сайыстарға жолдама алу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді.

Дегенмен «әттеген-ай» дегізер тұстар да бар. Қазақстан су спортында бағы ашылмаған мемлекеттердің бірі. Кеше су добынан Қазақстан құрамасы өздерінің Италия спортшыларымен өткізген төртінші матчында тағы да есе жіберіп алды. Қазақстан құрамасы 9:6 есебімен жеңіліс тапты. Лондон Олимпиадасында Қазақ елінің намысын қорғауға аттанған спортшыларымыз мұның алдында Грекия, Испания және Австралия құрамаларымен кездесу өткізіп, қарсыластарына тізе бүккен болатын.

Құралайды көзге атқан мергеніміз Ольга Довгун да Олимпиада жүлдесінен ығысып қалды. Бабы шаппады деген осы. Әйтпесе талайлардың алдын ораған ардагер спортшы «алтынға» сай нағыз саңлақтың бірі еді. Кеше 50 метрлік қашықтықтан 3 қалыпта аз калибрлі винтовкадан ату сынында О. Довгун біліктілік кезеңінен өтпей қалды. Осылайша, Ольга Довгун Олимпиада жүлдесі үшін таласа алмайтын болды. Жалпы спорт шенеуніктері 2002, 2006 жылғы Әлем және Азия чемпионынан «алтын» медаль күткен болатын. Алайда 578 ұпай жинаған спортшымыз 24-орынға ғана қол жеткізіп, іріктеуден сүрінді. Айта кетейік, бұл - жерлесіміздің 4-ші олимпиадасы.

4 тамыз күні жетісайысшы Ирина Карпова үшін де жарыс жүлдесіз аяқталды. Жеті жаттығудың нәтижесі бойынша жерлесіміз 5319 ұпай жинап, 32-орынға табан тіреді.

Дегенмен көңіліміз ерте мұқалмасын, алда әлі талай жарыс бар. Біз боксшыларымызбен қатар грек-рим және еркін күрес шеберлерімізге де зор сенім артамыз. Одан бөлек үш секіріп қарғушы Ольга Рыпаковаға да зор үміт артылып отыр. Алдағы уақытта Қазақстан қоржыны Олимпиада жүлделерімен толыға түсері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар