Олимпиада-2018: Жалғыз қола жанға медеу ме, әлде...

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындары бел ортасынан ауып, аяқталуға жақын қалды. Қалған күндерінен де жүлделі орындардың ауылы алыстағандай. Дегенмен үмітсіз де емеспіз.
None
None

Жалғыз қола жанға медеу

Қазақстан құрамасы Пхенчхандағы алғашқы жүлдесіне 11 ақпан күні қол жеткізді  - могулшы қызымыз Юлия Галышева жеңіп алған еді. Міне, содан бері әр күн сайын спортшылар жолына үмітпен қарап, сегіз күнді де артқа тастадық. Қазақстан тілшілері тек «іріктеу кезеңінен өтпей қалды, мәреге жете алмады, ұтылып қалды, жарыс жолынан шығып қалды» деген бір сарынды ақпарат таратудан да жалыға бастаған сыңайлы.

Әрине, бұл Олимпиада ойындары. Әр спортшының арманы да сол, төртжылдық додада топ жару. Бірақ, әттең әркімнің өмірі өзі ойлағандай болатын болса, әр күн сайын отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрінер еді-ау...

Жүлделі болуға не жетіспейді?

Соңғы кездері Пхенчханда жүрген спортшыларымыз тілшілерді көргенде сырт айналып өтуді әдетке айналдыра бастады. Бірі сұхбат беруден бас тартса, екіншісі жүлдесіз қалғаны үшін жүзін жасырып бағуда. Әрине, оңай емес, кім жеңілемін деп келді дейсіз. Барлығының арманы қазақтың көк байрағын желбірету екенін біз де жақсы білеміз. Әлбетте, спортшылардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Кейбір спортшыларымыз арнайы сұхбат беріп, кемшіліктердің неден болып жатқанын, не жетіспейтінін ашық айтып жатты. Солардың бірі - конькиші Екатерина Айдова. Ол кеше 500 метр қашықтықта сынға түсіп, бәсекені 21-ші орынмен аяқтады. Жарыстан кейін тілшілерге арнайы сұхбат берген ол қысқы спорт түрлеріне үлкен өзгерістер керек екенін, бапкерлер мен жаттықтырушылар құрамын өзгерту қажеттігін жайып салды. Сондай-ақ, өзіне Қазақстанда бәсекелес болатын өзге спортшылардың жоқтығын айтып налыды. Оның айтуынша, бәсекелестік болмаған жағдайда ілгері жылжу болмайды. «Сол үшін осы Олимпиададан кейін үлкен өзгерістер жасалуы керек», - деді Екатерина Айдова.

Міне, осылай бірі сәтсіздіктің себебіне талдау жасап жатса, өзгелері алған жарақатына орай өз-өзін жұбатуда. Айтпақшы, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан жұлдызы Денис Тен осы маусымда жарақатынан толық айыға алмағандықтан Олимпиадада қалаған нәтижесіне қол жеткізе алмады.  

 

Үзілген үміттер

Қысқы Олимпиада біздің ел үшін соншама нәтижелі болған емес. Әйтсе де қазақстандық жанкүйерлер бірқатар спортшылардан үміт күтті. Айталық, ерлер арасында могулшыларымыз Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд жүлдеге таласады деп ойлаған еді. Өкінішке қарай, олардың  тек, үздік ондыққа енгеніне көңіл семіртіп, мәз болдық. Павелге суперфиналға шығу үшін сәл сәттілік жетпеді. Осы спорт түрінен ұлттық құрамадағы ең жас спортшымыз Аяулым Әмренова іріктеуде 17-орын алды. Осы қарқында тұрса Қазақстанға келешекте олжа әкелетін да осы қаракөзіміз деп түйдік. Болашағынан үміт күтеміз дедік.

Жанбота Алдабергенованың орыны бөлек болатын. Бірақ, ол үздік 15 фристайлшылардың қатарынан ары аса алмады. Ерлер арасындағы сайыста Ильдар Бадрутдиновтың да үздік он бес акробатшылардың қатарынан көрінгенін көңілімізге медеу тұттық. Сонымен қатар, шаңғы жарысынан үмітті болған Алексей Полтораниннің нәтижесі де көңіл көншіткен жоқ. Енді кімдерге үміт артамыз? Енді бар үмітіміз әйелдер әнерлеп сырғанау сайысынан ел намысын қорғайтын Элизабет Тұрсынбаева мен Олимпиада ойындарының соңғы күндері шаңғы сайысынан сынға түсетін Алексей Полтораниннің жолына тағы да үмітпен қараймыз.

Үздік 25 елдің ішінде жүргеніміздің өзі жетістік

Кеше Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов мырзамен жолығып қалдық. Ол кісінің есебінше 1 қола медальмен үздік 25 елдің ішінде келе жатқанымыздың өзі үлкен жетістік екен.

"Бұл жазғы ойындар емес, қысқы олимпиада ойындары. Сол үшін бір жүлдеге ілігудің өзі оңай болған жоқ. Сочидегі жетістікті қайталадық. Енді, бір медаль болып қалуы мүмкін", - деп қысқа қайырды әңгімені Қанағатов. Айтпақшы, мұнда БАҚ өкілдеріне видео мен фото суреттер түсіруге тиым салынған.  Көп жағдайда Олимпиада ойындарында жүрген тілшілерге елдегі жанкүйерлері өтіп жатқан жарыстан видео, қызықты суреттер жіберуді сұрап жатады. Алайда, жазатын тілшілерге видео, фото түсіруге тиым салынған.  Олимпиадада тәртіп қатал. Төртжылдық додаға аккредитациямен тіркеліп келген тілшілер негізінен үшке бөлінеді. E - жазатын журналист, EP-фотограф, Rtb-телекөрсетілім құқығын сатып алған телевидение тілшілері. Бұл жерде видео түсіруге тек Rtb құқығы бар болса, ал фото EP аккредитациясы бар журналистерге арналған. Ереже бұзылған жағдайда,  Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті аккредитацияның күшін жоюға құқысы бар.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда Олимпиада ойындарының жалпы есебінде 26 медальмен Норвегия құрамасы көш бастап тұр - 9 алтын, 9 күміс және 8 қола. Екінші сатыда Германия құрамасы - 18 медаль (9 алтын, 5 күміс, 4 қола). Үздік үштікті Нидерланды құрамасы түйіндеуде - 13 медаль (6 алтын, 5 күміс, 2 қола). Қазақстан құрамасы бір қола медальмен 92 елдің ішінде 25-ші орында жайғасып тұр.

Соңғы жаңалықтар