Олимпиада алауы Корея Республикасына жеткізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Олимпиала алауы Грекиядан 100 күннен кейін қысқы Олимпиада ойындары басталатын Корея Республикасының Пхёнчхан қаласына жеткізілді.
Салтанатты шара алау жеткізілген Инчхон қаласының әуежайында өтеді, деп хабарлайды ТАСС.
«Бәріміз ұзақ күткен сәт келді. Олимпиада алауы Кореяға жетті, Пхёнчханда өтетін 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына небәрі жүз күн қалды. Біздің арманымыз жүзеге асты», - деді Пхёнчхандағы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Ли Хи Бом.
Шамамен 750 адамның қатысуымен өтетін Инчхон әуежайындағы шара барысында барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Оған елдің премьер-министрі Ли Нак Ён, мәдениет, спорт және туризм министрі То Чон Хван, сондай-ақ, 2010 жылы мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы атанған Ким Ён А қатысады.
Айта кетейік, 2018 жылғы Қысқы олимпиада ойындары 9-25 ақпанда, Паралимпиада - 9-18 наурыз аралығында өтеді.