Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Оралда жас спортшылармен кездесті
ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласына келген дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің жас спортшыларымен кездесті.

Оқу орнының директоры Асхат Шәкіров аталмыш спорттық білім ордасының 20 жылдық белесімен тұспа-тұс келген жүздесудің маңызы ерекше екендігін айтып, Елдос Сметовке алғысын білдірді.

Олимпиаданың алтын, күміс, қоласын түгел алған Елдос Сметов өзінің жеңіске жету жолындағы бай тәжірибесімен бөлісіп, кездескен қиындық пен сынақтарды қалай еңсергені туралы әсерлі әңгімелеп берді.
Бес жасында ағаларыне еріп, спорт залына келген Елдос Сметов темірдей тәртіп пен тынымсыз еңбек және жеңіске деген ұмтылыстың арқасында Олимптің биік шыңын бағындыра білді.
- Қай кезде де маған отбасым, ата-анам, бауырларым мықты мотивация берді. Ең алдымен отбасын сүйген әр адам Отанын да сүйеді. Спортқа деген ұмтылыс, үзбей жаттығып, шыңдалу, нық сенім жарқын жеңістерге жол ашады. Өздеріңнің араларыңнан да Олимпиада чемпионы шығады деп үміттенемін, - деді Елдос Сметов.
Жүздесу барысында жас спортшылар сұрақ қойып, даңқты дзюдошының жауабын естіді. Соңынан Олимпиада чемпионынан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.
- Мен мектеп-интернат колледжінің 9-сыныбында оқимын, дзюдо бөлімінің тәрбиеленушісімін. Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовпен болған кездесу бізге үлкен мотивация беріп, ұмытылмас әсер қалдырды. Жеңімпаздың өмір жолы мен табандылығы біз үшін үлгі. Енді мен де өз алдыма мақсат қойып, соған жету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Елдос ағамыздың жолы бізге де бұйырсын, - деді Нұртуған Марат.
Сапар барысында Елдос Сметовті Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында Олимпиада чемпионы өңірдің спорт саласындағы жетістіктермен таныс болды. Облыс әкімі Елдос Сметовке сәттілік тіледі.
- Олимпиада ойындарында өзіңе барша қазақ елі жанкүйер болды. Әсіресе, жастарымыздың үлгі тұтар спортшысына айналдың. Әрдайым сәттілік серік болсын! – деді өңір басшысы.
БҚО Дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев Олимпиада чемпионының Балалар үйіне де барып, өз тарту-таралғысын бергенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметовтің мемлекеттік қызметке бармайтыны, тағы бір Олимпиадаға қатысатыны туралы айтқанын жазған болатынбыз.