Олимпиада: Хоккейден ерлер арасында қола жүлдегер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шайбалы хоккейден ерлер арасында қола жүлдегер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиада: Хоккейден ерлер арасында қола жүлдегер анықталды

Қола жүлде үшін Словакия және Швеция құрамалары шеберлік байқасты.

Ойын барысында словакиялық Юрай Слафковски 23 және 58-минуттарда мергендік танытты. Ал Самуэль Такач – 33, Павол Регенда 59-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша Словакия қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында тұңғыш рет қола медаль иегері атанды.

Енді 20 ақпанда финалда Ресей мен Финляндия мұзайдынға шығады.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей (КСРО-ны қоса есептегенде) 9 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Ал Финляндия 2 мәрте күміс жүлдегер атанса, 4 мәрте қола жүлдеге қол созды.