Олимпиада: Хоккейден финалға шыққан құрамалар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шайбалы хоккейден ерлер арасында финалға шыққан құрамалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиада: Хоккейден финалға шыққан құрамалар анықталды

Мұндай мүмкіндікке Ресей және Финляндия құрамалары ие болды. Жартылай финалда Ресей Швецияны 2:1, Финляндия Словакияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді 19 ақпанда 3-орын үшін Словакия мен Швеция шеберлік байқасады. Ал 20 ақпанда финалда Ресей мен Финляндия мұзайдынға шығады.

Бұған дейін Ресей (КСРО-ны қоса есептегенде) 9 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Ал Финляндия 2 мәрте күміс жүлдегер атанса, 4 мәрте қола жүлдеге қол созды.

Сондай-ақ, әйелдер арасында шайбалы хоккейден Олимпиада чемпионы атағына Канада ие болды. Канадалық хоккейшілер финалда АҚШ-ты 3:2 есебімен жеңді. 3-орын үшін сайыста Финляндия Швейцариядан 4:0 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол созды.