Олимпиада күнінде туған: Қазақстанда 1000-нан астам нәрестеге сыйлық табысталды

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда Халықаралық Олимпиада күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Олимпиада күнінде туған» акциясы аяқталды. 

«Олимпиада күнінде туған»: Қазақстанда 1000-нан астам нәрестеге сыйлық табысталды
Фото: ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бастамасы алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде елдегі олимпиадалық қозғалыстың ең танымал әлеуметтік жобаларының біріне айналды.

Жобаның негізгі мақсаты — жаңа ұрпақ пен олимпиадалық құндылықтардың арасындағы байланысты көрсету, сондай-ақ бала өмірінің алғашқы күндерінен бастап денсаулық, спорт және отбасы құндылықтарына назар аудару.

Олимпиада күнінде туған: Қазақстанда 1000-нан астам нәрестеге сыйлық табысталды
Фото: ҰОК

Дәстүр бойынша 23 маусым күні дүниеге келген әрбір сәби құттықтау хаты мен «Olympian is born» жазуы бар арнайы киім жиынтығын алады. Бұл сыйлықтар жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі отбасыларға табысталып келеді.

Биыл акция Қазақстанның барлық өңірін қамтып, 23 маусымның алғашқы минуттарынан басталды. Оған 234 медициналық мекеме қатысты. Олардың қатарында барлық облыстардағы, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы перзентханалар бар. Нәтижесінде осы күні дүниеге келген 1000-нан астам нәрестеге құттықтау сыйлықтары табысталды.

Олимпиада күнінде туған: Қазақстанда 1000-нан астам нәрестеге сыйлық табысталды
Фото: ҰОК

Айта кетейік, жоба ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазпошта» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Акция алғаш рет 2020 жылы өткізілген болатын. 

Айта кетелік 23 маусымда дүниеге келген сәбилерге олимпиадалық жиынтық тапсырылатыны туралы жазған едік