Олимпиада ойындарында атой салған алдыңғы буын ағаларымыздың даңқты жолдарын лайықты жалғастыруға барымызды саламыз - А.Кебісбаев

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондон Олимпиадасына баратын еліміздің спортшыларын қабылдауы кезінде грек-рим күресінің майталманы Алмат Кебісбаев осылай деді.
Елбасының да күреспен айналысқандығын айта келе ол: «Сондықтан біздер, күресшілер сізді ерекше жақсы көреміз. Сіздің бүгінгі әрбір сөзіңіз, бізге берген жүрекжарды батаңыз, көрсетіп отырған сеніміңіз біздің жүрегіміздегі жеңіске деген құлшынысты оятты. Сізбен кездесуден зор қуат алдық. Осы отырған барлық сопртшылар сондай сезімде екендігіне мен сенімдімін. Ақорданың аясынан әкелік қамқорлық жасап отырған сіздің ықыласыңыздан алған қуатты біз ешқайдан ала алмаймыз. Бұл біздің тәнімізге емес, жанымызға берген күш болды. Қазақ спортшылары қашан да бәсеке атауының биігі Олимпиададан құр алақан оралған кезі болған емес. Сондықтан да біз осы жолда алдыңғы буын ағаларымыздың даңқты жолдарын лайықты жалғастыруға барымызды саламыз. Сіз артып отырған зор сенімді ақтауға барынша тырысамыз», - деді.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы оған табыс тілейтіндігін жеткізді.