Олимпиада: Шевченко 18 жастағы теннисшіге есе жіберді
ПАРИЖ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Александр Шевченко Париж Олимпиадасының алғашқы айналымынан аса алмады.

Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 81-орында тұрған 18 жастағы чехиялық Якуб Меншикпен кортқа шықты.
Бірінші партияда Меншик 3:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:3.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте чехиялық спортшы брейк жасап кеткенімен, Шевченко сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Бірақ Меншик тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Шевченко 2 эйс, 1 брейкпен шектелді. Меншик 3 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, теннис турнирінде Қазақстаннан жұптық сында өнер көрсететін Александр Бублик пен Александр Недовесов қана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Олимпиадада Александр Бубликтің алғашқы кездесуінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.