Олимпиада жүлдегері Шыналиевтің арызы бойынша іс қозғалды — Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің арызы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер спортшы Е. Шыналиевтің үндеуінен кейін құқық қорғау органдары қандай шара қабылдағанын сұрады.
Өз кезегінде Ғалымжан Қойгелдиев қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады.
— Осыдан екі күн бұрын ғана адам ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергелу сатысында. Іс оның арызы бойынша қозғалды, — деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, жақында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев әлеуметтік желіде үндеу жариялап, Түркияда оны әлдекімдер қорқытқаны жайында айтқан еді.
Осы орайда спортшы ҚР Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан осы оқиғаға құқықтық баға беруді сұрады.
Бұдан бұрын Бас прокуратура терроризмді насихаттау мен жалған хабарламаларға қатысты ескерту жасады.