Олимпиадада ел үмітін ақтауға күш саламыз – Мария Бровкова

ОРАЛ. KAZINFORM – Батысқазақстандық ескек есу шебері, жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы Мария Бровкова өзінің спорттық жолында алғаш рет олимпиадаға қатысқалы отыр. Спортшы төрт жылда бір келетін айтулы додаға дайындық барысы жөнінде әңгімелеп берді.

Мария Бровкова
Фото: кейіпкерден

- Мария, әуелі осы кезге дейін қол жеткізген басты табыстарыңа тоқталып өтсең?

- Алдымен жасөспірімдер арасында 2022 және 2023 жылдары әлем біріншілігінде үздік шыққанымды айта кеткім келеді. Сондай-ақ 2023 жылы әлем кубогінде топ жарып, Азия ойындарының жүлдегері атандым. Биыл Азия чемпионы болып, серіктесім Руфина Искаковамен бірге Париж олимпиадасына жолдама алдық. Бұйырса, 200 метр қашықтықта бір адамдық каноэда және 500 метрде Руфинамен бірге бақ сынамақшымын.

Мария Бровкова
Фото: кейіпкерден

- Мұның бәрі – көп жылғы жаттығудың жемісі ғой, солай ма?

- Әрине, табыстар оңайлықпен келген жоқ. Туған жерім – Орал қаласында облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде бес жыл бойы оқып, жаттықтым. Содан кейін Қазақстан ұлттық құрамасына алындым. Оралда анам Елена Евгеньевна Бровкова және интернаттағы екінші бапкер Наталья Николаевна Соколова баптады. Қазіргі кезде ұлттық құрама бапкері Сергей Николаевич Тиуновтың қол астында жаттығудамын. Ол кісі төзімділік пен кәсіби шеберлікке баулып, менің дайындығыма көп күш жұмсауда.

Мария Бровкова
Фото: кейіпкерден

- Дайындық демекші, олимпиадаға қалай әзірленіп жатырсыздар?

- Қазір біз ұлттық құрамамен бірге Польшада шеберлігімізді ұштаудамыз. Олимпиада қарсаңында 23 жасқа дейінгі жастар арасында Болгарияның Пловдив қаласында 17-21 шілде аралығында әлем чемпионаты өтеді. Ол жарыс та оңай болмайтыны анық. Содан кейін Польшаға қайта оралып, тамыз айының басында Францияға аттанамыз. Каноэ мен байдаркадан жарыстар 6-10 тамыз аралығына жоспарланған.
Әрине, әзірлік өте қауырт жүргізілуде, жүйкеге де салмақ түседі. Дегенмен біз бәріне де төтеп беріп, төртжылдықтың басты додасында ел намысын абыроймен қорғаймыз деп сенеміз.

Мария Бровкова
Фото: кейіпкерден

- Олимпиададан кейін де жарыстар бар шығар?

- Иә, олимпиададан кейін маусым аяқталмайды. Өзбекстанның Самарқан қаласында олимпиадалық емес қашықтықтар бойынша ересектер арасында әлем чемпионаты өтеді. Онда да сынға түсеміз. Содан кейін 1,5 ай демалып, жаңа маусымға дайындаламыз. Алдағы мақсатымның бірі – келесі жылы ересектер арасында әлем чемпионатында жүлдеге іліну.

- Мария, әңгімеңе рахмет. Олимпиадада табыс тілейміз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионы Мария Бровкованың БҚО-ның үздік спортшысы атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар