Олимпиадада футболдан ширек финалға шыққан құрамалар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Париж Олимпиадасында футболдан ерлер арасындағы жарыстың екінші туры аяқталып, ширек финалға шыққан бірқатар командалар анықталды. 

Футбол
Фото: Мақсат Шағирбаев/ Kazinform

Алғашқы екі турда сүрінбеген Франция, Испания, Жапония құрамасы ширек финалға жолдама алып үлгерді. Қалған жолдама иегерлері шешуші турда анықталады.

С тобында сынға түсіп жатқан Өзбекстан жарысты жалғастырудан шет қалып қойды. Өзбекстандық футболшылар алдымен Испаниядан 1:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Египетке 0:1 есебімен есе жіберді. Енді олар 30 шілдеде Доминикан Республикасымен кездеседі. Бұл ойында жеңіске жеткенімен ширек финалға шыға алмайды.

Топтық кезең ойындары 30 шілдеде мәресіне жетеді.

Одан кейін 2 тамызда ширек финал өткізілсе, жартылай финал 5 шілдеге белгіленген.

Ал 3-орын үшін құрамалар 8 тамызда сынға түссе, финал 9 тамызда болады.

Аталған турнирде 23 жасқа дейінгі футболшылардан құралған құрамалар бақ сынайды. Сондай-ақ ол жастан асқан үш ойыншының жарысқа қатысуына болады.

Соңғы жаңалықтар