Олимпиададан бөлек, ғылыми жоба жеңімпаздарына да сыйақы беріледі — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық олимпиадаларда топ жарған дарынды оқушыларды ынталандырумен қатар, ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен балаларға да ақшалай сыйақы беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл дарынды жастарды қосымша қолдау шараларын қолға алуды тапсырды. 

Олимпиададан бөлек, ғылыми жоба жеңімпаздарына да сыйақы беріледі — Президент
Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, жаңа цифрлық дәуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Әрі бұл — Қазақстанның артықшылығы.

— Балаларымыз — талантты. Әлемде жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр. Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары арнайы келді. Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отыр.

— Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет. Сол себепті Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталды, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамай мен айқай-шудың көбейгенін сынаған еді.

Сонымен бірге, Президент тарихи аңыздардың орнына прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажеттігін айтуда.