Олимпиадаға аға лейтенант болып барып, капитан шенінде оралдым – Ғұсман Қырғызбаев

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев аға лейтенант болып барып, капитан болып қайтты.

Ғұсман Қырғызбаев
Фото: Қорғаныс министрлігі

Аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев – Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі.

«Маған қолдау білдірген Қазақ еліне алғысымды айтамын. Мен Олимпиадаға аға лейтенант болып барып, капитан шенінде оралдым. Жарысқа әрбір спортшы алтын аламын деп шығады. Мен барымды салдым. Күтпеген жерден қола медальға ие болдық,- деді дзюдошы.

Армия спортшысы
Фото: Қорғаныс министрлігі

Айта кетейік, олимпиаданың барлық жеңімпаздарымен бірге Ғұсман Қырғызбаевты да Алматы гарнизонының әскери қызметшілері және әріптестері қарсы алды

Алматы дзюдо федерациясы Ғұсман Қырғызбаевқа көлік сыйлады.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, ширек финалға шықты. Жартылай финалда 24 жастағы бразилиялық дзюдошы Виллиан Лимадан ұтылып қалды. Қола медаль үшін белдесуде сербиялық татами шеберін жеңіп, қола жүлдегер атанды. 

Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.

Соңғы жаңалықтар