Олимпиадаға дайындық, легионерлер, Көшпенділер ойындары – Сәрсен Құранбекпен сұхбат

− Сәрсен Абайұлы, алғашқы сұрақты өзіңіздің еңбек жолыңыз басталған балалар мен жасөспірімдер спортынан бастағым келеді. Artsport жобасы дауынан кейін қандай балама ұсынасыздар? Ауыл мен қала балаларына спорт бірдей қолжетімді бола алды ма?
− Жобаның негізгі аты «Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс» деп аталады.ArtSport – осы жоба аясында жұмыс істейтін платформалардың бірі ғана. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс әлі жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда 380 мыңнан астам бала және 4-17 жас аралығындағы жасөспірімдер 10 325 спорт секциясы мен шығармашылық үйірмелерге тегін барады.
Бұл бағдарлама тек қана балаларға емес, шағын бизнеске де үлкен серпін беруде. Мысалы, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша 2854 ұйым (қызмет көрсетуші) жұмыс істеп жатыр. Олардың 1828-і спорт секцияларын, қалған 1026-сы шығармашылық үйірмелерін ашқан.
Дегенмен бұл жоба аудандық, ауылдық жерлерде дұрыс жүзеге асырылмай жатыр. Бұл мәселені шешу үшін министрлік қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге «Жан басына қаржыландыру бағдарламасына қатысатын ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптар туралы» жаңа тараумен толықтыруды жоспарлап отыр.
Тараудағы бір мәселе – кезектегі ауылдық елді мекен тұрғындары бойынша статистиканы жүргізу үшін платформаларға берілетін талап еді. Бұл жағдай қаржыландыруды «қалалық» және «ауылдық» аймақтар деп саралау шарттарын енгізуді қамтамасыз етеді. Өзгерістер енгізу үшін барлық қолданыстағы платформалардың жұмыс алгоритмі ескерілген.
− Бір кездері шорт-трекші Абзал Әжіғалиев елде спорттық инфрақұрылым жетіспейтінін, шетелге барып дайындалуға мәжбүр екенін жазған еді. Бұл мәселеде алға ілгерілеу бар ма? Қай өңірлерде жаңа спорттық нысандар салынып жатыр?
− Иә, соңғы жылдары елімізде спорттық нысандар қатары артып келеді. ҚР Президентінің 2018 жылғы 12 қазандағы №772 Жарлығына сәйкес, 2019-2021 жылдары 100 және Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы аясында 2022 жылы – 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, қолданысқа берілді. Оған қоса, 2025 жылға дейін еліміз бойынша 139 нысанда құрылыс, жаңғырту және жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Құрылысы ұзаққа созылған спорт ғимараттарының бірі, Алматы облысы, Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылында орналасқан спорттың 20-дан астам түрінен Олимпиадалық даярлаудың республикалық базасы ғимараты биыл жыл соңында қолданысқа беріледі. Ал Астана қаласындағы «Олимпиадалық даярлау орталығы» көпфункционалды спорт кешені базасында салынып жатқан ҚР Ұлттық спорт университетінің құрылысы 2025 жылы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Бұдан басқа, Мемлекет және Үкімет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Жетісу облысының Текелі қаласында Шаңғы-биатлон кешенінің, Павлодар қаласында – көпфункционалды мұз сарайының, Түркістан қаласында – спорт кешендері бар есу каналының, Семей қаласында – 500 көрерменге арналған трибуналары бар мұз модулі нысандарын салу көзделуде.
Осыған байланысты, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен жұмыс істеп тұрған спорт нысандарын түгендеу жұмыстары жүруде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңірлерде саябақ аймақтарын, көшелерді, жағалаулар мен аула аумақтарын көше тренажерларымен және спорт алаңдарымен жабдықтап, спорт ғимараттарына өте мұқтаж ауылдық жерлерді модульдік үлгідегі тез салынатын спорт кешендерімен қамтамасыз ету шаралары қаралады.
− Токио-2020 Олимпиадасында Қазақстан өз тарихындағы ең төменгі нәтиже – 83-орынға түскен еді. Кейін министрлік арнайы отырыс ұйымдастырып, қандай қателіктер болғанын талдаймыз деп уәде берді. Бұл Олимпиададан қандай сабақ алынды?
− Бұл ретте Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін айтқым келеді, оған сәйкес саладағы проблемаларды кезең-кезеңімен шешу көзделген.
Сонымен бірге, ҚР Ұлттық құрамасының спортшыларын сапалы медициналық және ғылыми қолдау мақсатында Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта орталықта спорт түрлері бойынша ұлттық және штаттық құрама командалардың 10 мыңнан астам спортшысына қызмет көрсетіледі. Жыл сайын 8 мыңнан астам тереңдетілген медициналық тексеру жүргізіледі. Жылына 150-ге жуық республикалық, 100 халықаралық жарыс, 90 оқу-жаттығу жиыны спорт дәрігерлерімен және массажистермен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, бес мыңнан астам спортшыға емдеу-профилактикалық және оңалту қызметтері көрсетілген.
− Келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасына дайындық қалай жүріп жатыр? Кей сарапшылар Парижден алтынсыз қайтамыз деп болжам жасап үлгерді. Бұған не дейсіз? Қай спортшылар қанжығамызға медаль әкелуі мүмкін?
− Қазіргі уақытта ҚР ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларына Олимпиада ойындарында табысты нәтиже көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Министрлік Олимпиадаға сапалы дайындау мақсатында ҚР ұлттық құрама командасының жұмысын ұйымдастыру бойынша жедел штаб құру туралы бұйрық қабылдады, жазғы спорт түрлері бойынша ҚР ұлттық құрама командаларының мүшелерін даярлау және олардың Олимпиада ойындарына қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламасы бекітілді және Олимпиада ойындарына қатысуға ең ықтимал үміткерлердің құрамы жасалды.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық құрамасының спортшылары толық медициналық қолдаумен, спорттық жабдықпен, дәрі-дәрмектермен және спорттық тамақпен қамтамасыз етілген. Олимпиада алдында құрама командалар барлық оқу-жаттығу жиындарына, лицензиялық Әлем чемпионаттарына, Азия чемпионаттарына, 80-нен астам әлемдік рейтингтік турнирлерге қатысады. Лицензиялық кезең Олимпиадаға бір ай қалғанша аяқталады. Аталған жарыстардың қорытындысы бойынша біздің спортшылар 100-ге жуық лицензия алуды жоспарлап отыр. Әсіресе, Олимпиада ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі – ұлттық құрама спортшыларының 2023 жылғы Азия ойындарына қатысуы болады.
− Қазақтың жүлдесіз қайтпайтын бағыты – бокс еді. Неліктен соңғы жылдары бокс көрсеткіштері төмендеп кетті?
− Қазақстан егемендік алғалы бері жазғы Олимпиада ойындарында бокстан әрдайым алтын жүлдемен оралып келгені рас. Өкінішке қарай, соңғы Токиода өткен Олимпиадада боксшыларымыз тек қола медальға қол жеткізді. Алайда, 2023 жылы Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында боксшыларымыз 4 алтын және 1 күміс медальмен қазақ елін бір қуантты. Биыл 28 қыркүйек – 8 қазан аралығында Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарында және 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында боксшыларымызға үлкен үміт артамыз.
− Танымал боксшы Бейбіт Шүменовтің жанжалы жөнінде қандай пікірдесіз?
− Қазіргі уақытта бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Ішкі істер министрлігі пікір білдіріп те қойды. Ресми қорытындыдан кейін ғана қосымша түсінік білдіре аламыз. Ол іс қазір құқықтық алаңда қаралып жатыр. Осыған байланысты бірнеше баспасөз хабарламасы да шықты.
Бұл – құқықтық алаң, әр адам кәсібіне, қызметіне қарамастан, өз сөзі мен әрекеті үшін жауап береді, оның үстіне бұл жеке өмірінде болған оқиға. Сондықтан Б. Шүменов өз әрекеті үшін құқықтық алаңда жауап береді.
− Қоғамның көп сын айтатын тұсы – легионерлер. Дайын спортшыны шетелден әкелу қаншалықты ақталып жатыр? Отыз жылда олармен бәсекелесе алатын отандық спортшылар буыны тәрбиеленіп шықпады ма?
− Өте өзекті сұрақ. Бұл мәселе қазір қызу талқыланып жатыр. Министрлік спортты дамыту мақсатында 7 жылдық тұжырымдама әзірлеп, бекітті. Ондағы негізгі мақсат – отандық спорт мектептерінің түлектерін қолдау. Мысалы, хоккейден өткен әлем біріншіліне қатысқан ұлттық құрамада бірде-бір легионер болған жоқ. Өзіміздің жігіттер ел намысын қорғады. Олар үш жеңіске қол жеткізді, тарихта алғаш рет Норвегияны жеңді. Өйткені олар осы елде туып-өскен, осы елдің абыройы үшін жанын береді. Сондықтан спорттың қай түрі болса да, өз спортшыларымызды қолдауға басымдық беріп отырмыз.
Тағы бір айта кетерім, легионерлерге шақыру жіберу федерациялардың құзыретінде, яғни олар шешімді тек өздері қабылдай алады. Егер легионерлер біздің спортшыларымызға жақсы ықпал етсе, олармен де жұмыс істеуге болады. Дегенмен ең алдымен өзіміздің спорт мектептерінің түлектерін қолдауымыз керек.
− Көптеген елдер секілді Қазақстан да допинг дауына тап болды. Кениядан әкелінген желаяқ Нора Джеруто да допинг үшін шеттетілген еді. Алдағы уақытта Нора жарыстарға қатыса ала ма? Сосын жүлдесі жойылғандардың ақшалай сыйақысы қайтарылуы керек пе?
− Нора Джеруто 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын алған болатын. Қазіргі уақытта Нора Джеруто биологиялық паспортындағы ауру салдарынан туындаған өзгерістерді толық түсіндіретін медициналық құжаттар мен қорытындыны AIU (Athletics Integrity Unit - жеңіл атлетикадағы жағымсыз құбылыстармен күресетін тәуелсіз орган) комиссиясына ұсынды.
AIU тергеуі әлі аяқталған жоқ, бүгінгі таңда Нора Джерутоға допинг қолдану туралы қорытынды шешім шықпады.
Соңғы сұраққа келсек, спортшылар допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін, мемлекет тарапынан берілген сыйақы, пәтер және спорттық атақтарын қайтару туралы норма 2019 жылдан бастап күшіне енген. Сондықтан заң талабы бойынша 2019 жылға дейінгі алған сыйақылар еш қайтарылмайды.
− Келер жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өткелі отыр. Мұндай беделді ойынға еліміздің қай қаласы таңдалды? Дайындық қалай жүріп жатыр?
− Келер жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда. Дүбірлі додаға дайындық жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Ең алдымен, ұйымдастыру комитеті бекітіліп, Көшпенділер ойынын өткізу тұжырымдамасы әзірленді. Өздеріңіз білесіздер, жарыс бағдарламасына спорттың 20 түрі енеді. Оған жүзге жуық мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшылар, жаттықтырушылар және арнайы өкілдер қатысады деп жоспарланып отыр.
Көшпенділер ойынын жоғары деңгейде өткізу үшін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Казспортинвест» акционерлік қоғамы аталған ойындарды өткізетін арнайы дирекция ретінде анықталды. Қазіргі таңда Көшпенділер ойынын өткізу регламентінің жобасы әзірленіп, түркі мемлекеттері ұйымына жіберу үшін Сыртқы істер министрлігіне жолданды.
Сонымен бірге, Көшпенділер ойындары аясында қазақ халқының мәдени-дәстүрлі мұрасын насихаттау және дәріптеу үшін этноауыл ұйымдастыру қолға алынбақ. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігі «Қазанат» ипподромына іргелес аумақтан жер телімін белгілеп, этноауыл жұмысын ұйымдастыруды бастады.
2014 жылдан бері Көшпенділер ойыны дәстүрлі түрде қыркүйек айында өткізіліп келеді. Себебі ойындар бағдарламасына кіретін спорт түрлерінің басым бөлігі ат спорты болғандықтан, ауа-райының қолайлы болуы негізгі фактор ретінде қарастырылады. Сол себепті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін 2024 жылдың 8 қыркүйегіне жоспарласақ, ойындардың жабылу салтанатын – 14 қыркүйек күні ұйымдастырамыз.
- Әңгімеңізге рақмет.