Олимпиадаға іріктеу турнирі: Әйелдер боксынан алғашқы жеңімпаз анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде әйелдер боксынан Валентина Хальзова алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

69 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз алғашқы айқасын Оңтүстік Корея өкілі Сюён Чоиға қарсы өткізіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңімпаз деп танылды.

Бұл Ерік Алғабек жаттықтыратын қыздар командасынан жеңіске жеткен алғашқы боксшы қыз.

Естеріңізде болса осыған дейін шаршы алаңға қазақстандық екі боксшы қыз шығып, екеуі де бірінші айқастарында қарсыластарынан ұтылып қалған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, лицензия үшін таласты бірінші болып бастаған Дәметкен Келімбет

(57 келі) қытайлық Инь Юнхуаға жол берсе, Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Симранджиткаур Бааттан жеңілді.

Айта кетейік, енді санаулы минуттардан кейін тағы бір боксшы аруымыз 75 келідегі Надежда Рябец өзбекстандық Навбахор Хамидовамен жұдырықтасады. Сондай-ақ, ерлер арасында 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады.


Соңғы жаңалықтар