Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы шеттегі қандастар арасынан шыққан
Рио Олимпиадасының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Осы орайда тарихқа көз жүгіртіп, спорттың төресі атанған осындай ірі додаға «тұңғыш» қатысып, есімін алтын әріптермен жазып қалдырған қазақ баласы туралы айту, оқырмандар назарына ұсыну артықтық етпейтіні анық.
Алданыш апамыз жалындап тұрған жас кезінде Моңғолиядағы жеңіл атлетикадан өзі орнатқан рекордты 30 рет өзі жаңғыртыпты. Бұл кез келген спортшының қолынан келе бермейтін үлкен ерліктердің бірі.
Алданыш апамыздың спорттағы жолы, жетістіктері және үлкен спорттан кеткеннен кейінгі өмірі туралы осыған дейін БАҚ беттерінде белгілі журналист Бекен Қайратұлы біраз материалдар жариялады.
Шашасына шаң жұқпаған қазақтың желаяқ қызы Алданыш Рамазанқызы 1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан алғашқы қазақ қызы. Ол бүгінде өзі туып-өскен Моңғолияның Ұланбатыр қаласында тұрады. Кезінде талай жарыста тілеулес болған спортсүйер қауым оны «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» деп атаған екен.
Бекен Қайратұлының мәліметтеріне сүйенсек, желаяқ қыз «Ұланбатыр қалалық №18 орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ жүгіруден алдына жан салмапты. Оны байқаған сол кездегі Иванов деген бапкер 6-сыныптың оқушысын жеңіл атлетика секциясына қабылдапты. Кешікпей талантты қыз ұлттық құраманың сапынан бір-ақ шығады. Бұл 1961 жыл еді.
1962 жылы Моңғол елінің тарихында алғаш рет Бүкілхалықтық спартакиада өтеді. Осы сында 16 жастағы Алданыш 200 метр қашықтыққа 26,6 секунд, 400 метрге 58,8 секунд, 800 метрге 2 минут 18,7 секундта жүгіріп өтіп, ел рекордын жаңартқан. Бұл - бұрын-соңды болмаған ғажап жетістік еді», деп жазады журналист.
Бір қызығы осы Алданыштың 800 метр қашықтыққа тоқтатқан рекордын 1984 жылы тағы бір қазақ қызы Моңғолия Мемлекеттік универстеттің түлегі Күшай Құлыбекқызы жаңартыпты.
Алданыш Рамазанқызы - жеңіл атлетикадан спорт шебері, Моңғолия атынан Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы, Моңғолиядағы қазақ диаспорасынан шыққан алғашқы спорт шебері.
Енді Алданыш Рамазанқызының өмірі мен спорттағы жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтейік:
1945 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1965 жылы медицина техникумын, 1972 жылы Мемлекеттік дене шынықтыру спорт институтын бітірген.
1964 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан жеңіл атлет, 1972-2005 жылдар аралығында Ұланбатыр қалалық №22 орта мектепте спорт мұғалімі қызметін атқарды. Қазір зейнетте.
Он екі дүркін чемпиондық тұғырға көтерілген, шашасына шаң жұқпаған желаяқ.
Ол 1961 жылдан бастап, 1969 жылға дейін ұлттық құрамада өнер көрсеткен.
Желаяқ спортшы 1961 жылы Мәскеуде өткен «Правда» газеті атындағы және ағайынды Знаменскийлер атындағы жарыстарға қатысып жүлделі орынға ие болды. 1966 жылы Таулы Алтай өлкесінде өткен Моңғол - Кеңес елдерінің студент-жастар фестивалына қатысып, жүгірістен алтын медальға қолы жеткені бар. Республикалық құрамада жүрген жылдары Әзербайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық турнирден әкелген күміс медалі - Моңғолияның жеңіл атлетика спортының тарихында халықаралық жарыстан әкелген тұңғыш медаль ретінде спорт тарихына тіркеліпті.
Моңғолияда басқадай спорт түрлері, соның ішінде жеңіл атлетика дамып, кемелдене қоймаған 1964 жылы Жапонияның астанасы Токиодағы олимпиада да Алданыштың көрсеткен нәтижесі жаман емес еді.
Ол әйелдер арасындағы 400 метрлік қашықтыққа қатысқан 68 жүйріктен 20-шы, 800 метрлік қашықтыққа қатысқан 75 спортшыдан 22-ші орынға ие болыпты. Әлемнің 70-80 елінің таңдаулы жүйрік қыз-келіншектері қатысқан мұндай додада алғашқы жиырмалықтан көріну екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық.
Оның шәкірттерінен көптеген мықты спортшылар шығыпты. Төл шәкірті Мемлекеттік педагогикалық университеттің оқытушысы, спорт шебері Ұртнасын деген қыз Алданыштың өзі тоқтатқын 400 метр қашықтықтық рекордын бұзыпты.
Алданыш апамыз Монғолия мемлекеттік жоғары награда «Алтын жұлдыз» орденінің иегері. «Халыққа білім беру ісінің озат қызметкері», «Моңғолия спортының үздігі» қатарлы атақтары бар.