Олимпиадаға іріктеу: Қазақстан хоккейшілері сенімді ақтай ала ма?

АСТАНА. KAZINFORM – Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бүгін, 29 тамызда 2026 жылғы Қысқы Олимпиада іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын Венгрияға қарсы өткізеді. Ел құрамасы D тобында Словакия, Австрия және Венгриямен дүбірлі додаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Жарыстың аталған сатысындағы барлық ойындар «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қазақстандық хоккейшілердің айтулы аламанға бару мүмкіндігі қандай? Kazinform тілшісі осы мақсатта құраманың мүмкіндігін сараптап, мамандар, журналистер және жанкүйерлер пікірін білген еді.

спорт
Фото: Olympic.kz

Ер кезегі - үшке дейін...

Қазақстандық хоккейшілер бұған дейін Қысқы Олимпиадада 1998, 2006 жылдары бақ сынауға мүмкіндік алды.

1998 жылы ел құрамасы Олимпиадада алғашқы кезеңінде Словакия, Италия және Австриямен шеберлік байқасты. Нәтижесінде Италияны 5:3, Словакияны 4:3 есебімен жеңіп, Австриямен 5:5 есебімен тең ойнады. Одан кейін бірінші кезеңде D тобында Ресейге 2:9, Чехия мен Финляндияға 2:8 есе жіберіп, өз тобында төртінші орынды місе тұтты. Жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Ел құрамасынан Александр Корешков пен Константин Шафранов сұрмергендер көшінде алдыңғы ондықтан көрінді. Бұл жылы құрамаға Борис Александров бас бапкер болды. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында Александр Корешков, Константин Шафранов, Михаил Бородулин, Евгений Корешков, Владимир Завьялов, Игорь Землянов, Дмитрий Дударев, Андрей Пчеляков, Андрей Соколов, Павел Каменцев, Виталий Трегубов, Вадим Гловацкий, Андрей Савенков, Владимир Антипин, Пётр Девяткин, Игорь Дорохкин, Александр Шимин, Алексей Трощинский, Виталий Еремеев, Ерлан Сағымбаев сынды хоккейшілер ойын көрсетті. 

Ендігі кезекте ел құрамасы 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен XX Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алды. Дүбірлі додада қазақстандық хоккейшілер топтық кезеңнен аса алған жоқ. B тобында Швецияға 2:7, АҚШ-қа 1:4, Ресейге 0:1, Словакияға 1:2 есебімен жеңіліп, Лвтвияны 5:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша топтық кезеңде бесінші орынды қанағат тұтты. Құрама сапында қақпашылар Кирилл Зиновьев, Виталий Колесник, Виталий Еремеев, қорғаушылар Алексей Васильченко, Владимир Антипин, Олег Коваленко, Евгений Блохин, Андрей Савенков, Денис Шемелин, Евгений Пупков, Алексей Коледаев, Артём Аргоков, шабуылшылар Александр Корешков, Константин Шафранов, Евгений Корешков, Дмитрий Дударев, Андрей Огородников, Андрей Пчеляков, Андрей Самохвалов, Сергей Александров, Дмитрий Уппер, Андрей Трощинский, Фёдор Полищук, Николай Антропов ел намысын қорғап қайтты. 

Енді араға он сегіз жыл салып қайтадан Қысқы Олимпиадада бақ сынауға мүмкіндік туа ма? Бұл жөнінде қазақстандық спорт журналисі Телжан Күдеров «Қарсыластардың барлығы осал емес. Десе де жеңіске жетуге барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ол үшін команданың бас бапкері ойын тактитасын дұрыс қойып, өз шәкірттерінің шеберлігін шыңдауға көңіл бөлгені дұрыс деп санаймын. Кейінгі төрт жылда қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатында элиталық дивизионда ойнап жүр. Бір-бірін жақсы түсінеді деген сенімдемін», - дейді. 

Іріктеу кезеңінен аса алмады

Ел құрамасы 2002, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдарда іріктеу кезеңінен аса алған жоқ. 2002 жылы бірінші іріктеу кезеңінде екінші топта Литваны 13:2, Украинаны 5:3 есебімен жеңгенімен, Эстонияға 2:4 есебімен есе жіберді. Салдарынан өз тобында екінші орынды місе тұтып, жолдамадан қағылды. Ал 2006 жылғы дүбірлі додаға іріктеу кезеңінде алғашқы кезеңде В тобында Испанияны 17:0, Эстонияны 7:0, Нидерландты 7:2 есебімен жеңіп, жарыстың келесі сатысына шықты. Іріктеу сатысының финалдық кезеңінде алдымен Норвегияға 1:2, Данияға 2:3 есебімен жеңіліп, Францияны 8:2 есебімен тізе бүктірді. Өз тобында 3 ұпаймен үшінші орынға табан тіреп, жолдамадан тыс қалды.

2024 жылғы Қысқы Олимпиадаға іріктеу кезеңінде де ел құрамасының жолы болған жоқ. Іріктеу сатысының финалдық кезеңінде E тобында Францияны 3:2, Ұлыбританияны 6:0 есебімен жеңіп, негізгі қарсыласы Латвияға 2:3 есебімен есе жіберді. Қазақстандық хоккейшілер 2018 жылғы дүбірлі додадан да тыс қалып қойды. Іріктеу сатысының финалдық кезеңінде F тобында Норвегияны овертаймда 4:3, Италияны 3:2 есебімен жеңіп, Францияға 1:4 есебімен жол беріп қойды. Ел құрамасы 2022 жылғы дүбірлі додадан да тыс қалды. Үшінші іріктеу кезеңінде H тобында ойнаған қазақстандық хоккейшілер Украинадан 8:1, Нидерландтан 7:1 есебімен басым түскенімен, соңғы ойында Польшаға 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл жолы қалай болады?

«Әрине, бұл жылдарда қазақстандық хоккейшілер ала-құла ойын көрсеткенін жақсы білеміз. Элиталық дивизионда тұрақтап ойнай алған жоқ. Оны бапкерлердің тәжірибесінің аздығы, оқу-жаттығу жиындарының дұрыс ұйымдастыра алмаудан деп айтсақ та болады. Ендігі кезекте сол олқылықты жібермеуіміз тиіс. Нәтижесінде қазақстандық хоккейшілер жанкүйер көңілінен шығатын деңгейде ойын көрсете алады», - дейді хоккей жанкүйері Есенжол Назаров.

Үздіктерге үміт артамыз

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы биыл олимпиадалық іріктеу кезеңіне дайындықты жоғары деңгейде жүргізді. Алдымен елордада өткен ҚР Президенті кубогында екінші орын алды. Одан кейін құрама 20-22 тамыз аралығында елордадағы «Барыс-аренада» оқу-жаттығу жиынын жалғастырды. Содан кейін 25 тамызда Чехияның Хомутов қаласында жергілікті командамен жолдастық кездесуде жеңіске жетті.

Словакияның «Слован» командасының қақпашысы Андрей Шутов құрама сапына жарыс басталар алдында қосылды. Ал ҚХЛ-да ойнайтын хоккейшілер 20 тамызда құрама сапын толықтырды. Олардың қатарында Никита Михайлис, Валерий Орехов, Евгений Рымарев, Аркадий Шестаков және Леонид Метальников бар.

Қазақстан құрамасының тізімі төмендегіше:

Қақпашылар: Никита Бояркин («Барыс»), Максим Павленко («Рязань-ВДВ», Ресей), Андрей Шутов («Слован», Словакия).

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Тамирлан Гайтамиров, Самат Данияр («Барыс»), Дмитрий Бреус («Торпедо»), Леонид Метальников («Адмирал»), Эдуард Михайлов («Арлан»), Валерий Орехов («Металлург»), Иван Степаненко («Хумо», Өзбекстан).

Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Александр Борисевич, Дінмұхамед Қайыржан, Максим Мухаметов, Руслан Оспанов, Михаил Рахманов, Кирилл Савицкий, Роман Старченко («Барыс»), Руслан Демин («Сарыарқа»), Артем Лихотников («Хумо», Өзбекстан), Кирилл Панюков («Амур», Ресей), Евгений Рымарев («Юнисон», Ресей), Аркадий Шестаков («Адмирал», Ресей), Никита Михайлис («Металлург», Ресей).

Бұл кезеңде бас бапкер міндетін Олег Болякин атқарады. Оған Георгий Верещагин, Талғат Жайлауов, Павел Бессонов көмекшілік жасайды. 

«Қазақстан құрамасы Президент кубогында Олимпиадалық іріктеуге дайындық жүргізді. Оқу-жаттығу жиынында ойыншылардың кеңейтілген тізімі жарияланды. Аталған турнирде бұрын құрамға енбеген ойыншылардың шеберлігі сарапталды», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Олег Болякин баспасөз мәслихатында.

Қазақстандық хоккейшілер соңғы төрт жылда элиталық дивизионда сынға түсіп келеді. Десе де Словакия үнемі үздік құрамалар сапында бақ сынап жүрген тәжірибелі құрама екенін ұмытпауымыз тиіс. Ал Австрия мен Венгрияда да шеберлігі шыңдалған хоккейшілерден жасақталған. Олардың да элиталық дивизионда жинаған тәжірибесі бар. Қысқасы, жарыстың аталған кезеңі қазақстандық хоккейшілер үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Ел құрамасы жанкүйер сенімін ақтай ала ма? Оны алдағы ойындарда көретін боламыз.