Олимпиадаға жолдама саны бойынша қай өңір көш бастап келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласында Туризм және спорт министрлігі мен Олимпиадаға дайындық штабының өкілдері Мәжіліс депутаттарымен кездесу өткізіп, 2024 жылы Францияның Париж қаласында өтетін төрт жылдықытың басты додалары – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына ұлттық құраманың дайындығын баяндады.

жиын
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаттары Ардақ Назаров, Нұрлан Әуесбаев, Дәулет Мұқаев, Қазыбек Иса, Нартай Сәрсенғалиев, Нұргүл Тау, Таңсауле Серіков министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Өз кезегінде Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов қазіргі таңда Қазақстан құрамасы төрт жылдық додаға қанша жолдама жеңіп алғанын атай келе кейбір облыстың спортшылары әлі бір де бір жолдамаға қол жеткізе алмағанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан спортшылары спорттың 17 түрі бойынша 50 лицензия (48 спортшы) жеңіп алды. Ең көп лицензияға Шымкент қаласының спортшылары қол жеткізіп отыр. Олардың еншісінде — 10 жолдама болса, Алматы қаласының спортшыларында — 8, Шығыс Қазақстан облысында — 5, Жетісу мен Түркістан облысында — 4, Астана қаласы мен Жамбыл облысында — 3, Қызылорда мен Алматы облысы — 2, СҚО, БҚО, Ақмола, Абай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында бір-бірден лицензия бар. Өкінішке қарай Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Ұлытау және Павлодар облысының спортшылары әлі бір де бір жолдама ала алмай келеді. Әрбір жергілікті облыстық спорт басқармалары бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс» деді Елсияр Қанағатов.

кесте
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Сонымен қатар штаб басшысы алда, яғни мамыр айында Қазақстан құрамасын тағы да көптеген лицензиялық турирлер күтіп тұрғанын, жолдамалар саны әлі де арта түсетінін жеткізді.

«Мамыр айында дзюдодан әлем чемпионатына және көркем гимнастика мен спорттық гимнастикадан Азия чемпионаттары өтеді. Бұдан бөлек, спортшыларымыз 15-ке жуық әлемдік, азиялық рейтингтік халықаралық іріктеу турнирлерінде өнер көрсетеді. Жоспар бойынша мамыр айында спортшыларымыз кем дегенде 20 жолдама алуы қажет. Ал Олимп ойындарына дейін жалпы 80-ге жуық жолдамаға қол жеткіземіз деген жоспарымыз бар» деді штаб басшысы. 

Сондай-ақ, депутаттар Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдошылардың ОҚЖ қатысып, спортшылармен тілдесті. Соңынан Qazaq kuresi академиясы тәрбиеленушілерінің жаттығуын тамашалады.

кесте
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Еске сала кетсек, биылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде-11 тамызы аралығында өтеді.

Оған дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Ал XVII жазғы паралимпиада ойындары 28 тамыз — 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Спорттың 22 түрінен 184 мемлекет 549 медаль жиынтығын саралайды.

Жазғы спорт ойындары бойынша бүгін ел қоржыны тағы бір медальмен толығып, спорттың 17 түрінен 50 лицензияға жетті. 

Параойындар бойынша Қазақстан құрамасында спорттың 7 түрінен 11 лицензия бар.

Соңғы жаңалықтар