Олимпиаданың ашылу салтанаты: астаналықтар орталық саябаққа жиналды

АСТАНА. KAZINFORM – Санаулы сәттен соң Париж Олимпиадасы 2024 салтанатты түрде ашылады. Jibek Joly телеарнасы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды шараны тікелей трансляцияда ұсынады. Көрерменнің бір парасы бірлесе тамашалау үшін орталық саябаққа жиналды.

Парк
Фото: Аяпбергенов Ағыбай / Kazinform

Елорданың орталық саябағында нағыз мерекелік қарбалас. Астана әкімдігінің қолдауымен үлкен экран орнатылған. Қазір астаналықтар Jibek Joly телеарнасының ұйымдастыруымен Олимпиаданың ашылу салтанатына орай ашық аспан астында концерт тамашалап жатыр. 

«Олимпиаданы отбасымызбен көреміз, әрине, өзіміздің спортшыларға жанкүйер боламыз. Париж Олимпиадасына жерлесім Асланбек Шымбергенов аттанды. Жерлесіміз 71 келіде бағын сынайды, сәттілік тілеймін. Бүгін Олимпиаданың ашылу рәсімін тамашалауға отбасыммен келіп отырмын. Концерт өтетіні туралы әлеуметтік желіден білдім», - дейді елорда тұрғыны Серікбай Наурызхан. 

Парк
Фото: Аяпбергенов Ағыбай / Kazinform

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары да осында. Сондай-ақ, көрермендер арасында ұтыс ойнатылып жатыр. 

«Мен спортшы емеспін, бірақ спортты ұнатамын. Әсіресе бокс жаныма жақын, спортшыларымыз қоржынды алтынға толтырсын деген тілек білдіремін. Бүгінгі кешке отбасыммен қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетіп келіп тұрмыз. Олимпиаданың ашылу салтанатын тамашалауға арнайы келдік», - деді астаналық Қаныбек Ахметов. 

Парк
Фото: Аяпбергенов Ағыбай / Kazinform

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасы Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын және ойындардың бірқатарын тікелей эфирде көрсететіні хабарланған болатын. Телеарна эфирінің шамамен 70 пайызы Париж Олимпиадасы ойындарына арналады. 

Олимпиада кестесіне сәйкес, телеарна көрермені ертең, 27 шілде сағат 15:00-де үлкен теннисті тамашалай алады. Сондай-ақ бұл ойынды Abu Dhabi Plaza ойын-сауық және сауда орталығы аумағында LED экран арқылы көруге де мүмкіндік болады. Ал сағат 23:30-да жүзуден жартылай финал және финал өтеді. 

Парк
Фото: Аяпбергенов Ағыбай / Kazinform

Жексенбі (28 шілде) күні сағат 12:30-да семсерлесу, сағат 17:10-да спорттық гимнастикадан ерлер арасында финал өтеді және сағат 22:00-де семсерлесуден финал көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар