Олимпиаданың финалына өтуге тырысамыз – Әлия Юсупова

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Жарыстың соңғы күні де ел спортшылары үшін сәтті өтті. Қазақстан ересектер құрамасы 5 шығыршықпен жаттығуда Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанса, жасөспірімдер командасы топтық көпсайыстан алтын және күміс медаль иеленді. Сондай-ақ, сайыста Елжана Таниева тағы бір «алтын» жеңіп алып, шығыршықпен жаттығудан Азия чемпионы атанды. Бұған қоса ол доппен жаттығуда үшінші орыннан көрінді. 

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біздің Азия чемпионатына қатысудағы мақсатымыз – Олимпиадаға жолдама ұтып алу. Сол үшін біз бар күшімізді салып, дайындық жасадық. Қыздарымыз сайыста жақсы өнер көрсетті, Елжана Таниева бірінші орын иеленіп, Олимпиада лицензиясын ұтып алды. Бұл өте жақсы нәтиже саналады. Осы кезге дейін өткен Рио-де-Жанейро және Токио Олимпиадаларында Қазақстанда бір жолдамадан ғана болған», - деп мәлім етті көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, енді төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел намысын қорғайтын Елжана Таниевамен қарқынды дайындық басталады. 

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Азия чемпионатынан кейін қыздарға қысқа мерзімді демалыс беріледі. Одан кейін қарқынды дайындық жүргіземіз. Бағдарламаны өзгертеміз, яғни оған күрделі элементтер қосу керек. Жалпы Қазақстанда көркем гимнастика жақсы дамып келеді. Спортшыларымыз Азия чемпионы атанды және жасөспірімдер арасында қыздарымыз бірінші орын алды. Мәселен, София қаласында (Болгария - авт.) өткен әлем кубогында Елжана Таниева ең мықтылар арысында 5-орын алды. Бұл Елжанаға Олимпиаданың финалына өтуіне мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Соған тырысамыз», - деді Ә.Юсупова.

Е.Таниеваның жеңісін бүгін Айбота Ертайқызы жалғады. Ол таспамен жаттығуда 32,90 ұпаймен топ жарды. Сонымен қатар, Айбота доппен жаттығуда күміс, шығыршықпен жаттығуда қола медаль еншіледі. 

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетейік, соңғы рет көркем гимнастикадан Олимпиаданың финалына өткен жалғыз қазақстандық спортшы – Әлия Юсупова. Ол 2004 жылы Афинада 4-орын және 2008 жылы Бейжіңде 5-орын иеленген еді. 

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еске сала кетейік, 3 мамыр күні Елжана Таниева көркем гимнастикадан Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған болатын. 

Әлия
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform