Олимпиадашы оқушылар А.Сәрінжіповтен ҰБТ-ны алып тастауды сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен кездесуі барысында физика пәні бойынша халықаралық олимпиадаға қатысатын Қазақстанның ұлттық құрама командасының үміткерлері Ұлттық бірыңғай тестілеуді оқу жүйесінен алып тастауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиадашы оқушылар А.Сәрінжіповтен ҰБТ-ны алып тастауды сұрады

Қазақстандық оқушылар алдында қандай түйткілдер барын білгісі келген А.Сәрінжіповтің сауалына халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрген дарынды оқушылар Қазақстандағы ҰБТ-ға қатысты мәселені көтерді.

«Мүмкін сынақтың құрылымын өзгерту керек шығар. ҰБТ-ның орнына басқа жүйе әкелу керек сияқты. Біз халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушылар ретінде ҰБТ-дан босатылғанбыз, дегенмен достарымыз үшін сұрап отырмыз», - дейді О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының оқушысы Тұрсынбек Нұрислам.

Оқушылардың сөзіне қарағанда, түлектер Қазақстан тарихына қатысты сұрақтарға жауап беру кезінде қатты қиналатын көрінеді, себебі ол сұрақтар қандай принциппен және қайдан алынатынын білмейді. Сонымен қатар оқушылар сынақ барысында және қатаң тінту кезінде үлкен психологиялық күйзелісті сезінеді.

Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов физика пәні бойынша халықаралық олимпиадаға қатысатын Қазақстанның ұлттық құрама командасының үміткер мүшелерімен кездесу өткізген болатын. Онда белгілі болғанындай, 13-21 шілде күндері Астанада физика пәні бойынша халықаралық олимпиада өтеді.