Олимпиадашы Роман Креч бiрер күндерден соң баспаналы болады
"Мерзiмi жайында маған Солтүстiк Қазақстан облысы спорт және дене шынықтыру iстерi басқармасының басшысы Руслан Есеналин хабарлады. Тiптi мекенжайын да айтты. Мүмкiн Наурыз мейрамы қарсаңында пәтер кiлтiн табыстау рәсiмi өтетiн шығар", - дейдi Р. Креч.
Өз кезегiнде сырылғалы тұрған ескi үйдiң мәселесi тұралап қалған. Әзiрге оның өтеуiне берiлетiн қаражаттың сомасы турасындағы келiссөздер тоқтап тұр.
Еске сала кетсек, Петропавлдық конькиші Роман Креч осыдан он шақты күн бұрын өзінің фэйсбуктегі парақшасында оны отбасымен бірге сырылғалы тұрған жекеменшік үйден шығарып, әлі салынып бітпеген тұрғын үйдің бір бөлмелі пәтеріне көшуін талап етіп отырғанын хабарлаған болатын. Р.Кречтің айтуынша, Петропавлдың қала құрылысы органдары оның ескілеу жер үйін «Қызыл жар» тұрғын үй кешенін салу мақсатында сүріп тастау жөнінде шешім қабылдаған.
«Екі апта бұрын бізге үйден көшу жөнінде хабарлама жіберді, ал бір апта бұрын отбасыма біздің бүйірімізде салынып жатқан тұрғын үйдегі бір бөлмелі жөнделмеген пәтерден орын берді. Енді қазір үйімізден тепкімен шығарып жатыр. Өзім қазір Астанада қонақ үйлердің бірінде жартыжылдық спорттық жарыстардан кейін 3 сөмкеммен қайда барарымды білмей дал болып отырмын. Сонда менің үйім қайда?» - деп қынжылды спортшы Сочиден оралған күнi.
Конькишi Роман Креч Сочи Олимпиадасында 7-орын алғаны есiмiзде. Мамандардың айтуынша, Роман Қазақстанның конькишілері арасында ең әлеуетті спортшылардың бірі және ол келесiде Кореяда өтетiн Олимпиадада жүлдеге ілінуі әбден мүмкін.