22:55, 21 Наурыз 2014 | GMT +5
Олимпиадашы Роман Кречке Наурыз мерекесінде пәтер кілті тапсырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтің атынан олимпиадашы Роман Кречке екі бөлмелі пәтердің кілті тапсырылды.
Бүгін конькиші қоныс тойын атап өтуде. Роман осындай жарқын Наурыз мерекесінде мұндай сыйға кенелем деп ойламапты.
«Пәтер маған ұнады. Барлығы да сапалы істелген. Бұл мен үшін үлкен тарту. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай зор көңіл бөлу мені жаңа жеңістерге жігерлендіреді», - деді Сочидегі Олимпиада ойындарына қатысушы Роман Креч.
Оны құттықтауға осы үйде тұратын спортшы-достары - жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Маргарита Мұқашева, Евгений мен Ирина Эктовтар, спорттық бағдарлау бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аслан Тоқбаев келді.
Айта кетерлігі, соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстанның 6 жетекші спортшысына пәтерлер берілді, 42 спортшы өздерінің жетістіктері үшін облыс әкімінің стипендиясын алуда.