Өлім жазасы және 25 жыл түрме: Иранда егіз қыздарға сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Иран соты 21 жастағы Таранех Рахимиді 2026 жылдың қаңтарындағы үкіметке қарсы наразылық акцияларына қатысқаны үшін дарға асу арқылы өлім жазасына кесті. Оның сыңары Ромина 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BILD.
Туыстарының айтуынша, қыздарды қамауда азаптап, қорқыту арқылы мойындау жауабын алған. Апалы-сіңлілі қыздар қаңтардың соңында ұсталған. Үш айдан астам уақыт бойы отбасы олардың қайда екенін білмеді. Аналары қыздарымен тек мамыр айында ғана көрісе алған.
Таранех Иран заңнамасында «Құдайға қарсы соғыс жүргізу» деп түсіндірілетін және өлім жазасын көздейтін «мохаребе» қылмысы бойынша кінәлі деп танылды. Сот құжатында оған суық қару көрсетті және адамдардың өміріне қауіп төндірді деген айып тағылғаны айтылған. Ромина осы қылмысқа жәрдемдескені үшін сотталды.
Қыздардың жақындары тергеушілер Таранех мойындау қағазына қол қоймаса, көзінше сыңарын зорлаймыз деп қорқытқанын алға тартады. Қыздың өзі сотта жауаптардың азаптау арқылы алынғанын мәлімдеді.
Егіз қыздардың ісі қаңтардағы наразылықтарға қатысушыларды қудалау науқанының бір бөлігіне айналды. БҰҰ-ның Иран жөніндегі арнайы баяндамашысы Май Сатоның деректері бойынша, Исфахандағы бір іс аясында он адам өлім жазасына кесілген. Құқық қорғаушылар айыптауларды саяси астары бар деп санайды және наразылықтардан кейін өлім жазасына кесу деректерінің күрт өскенін хабарлады.
Иорданияда полиция қызметкерін өлтірген ер адам өлім жазасына кесілгенін жазған едік.