Өлместің сөзі...
Мейлі, тарихқа қалам тартсын, мейлі, болашақты болжасын... Одан кейінгі жазушы атаулының басты міндеті - өз заманының суретін болашаққа оқылатындай қылып қалдырып кете алуымен өлшенуге тиіс. Кейінгілер адамдар бейнесін қоғамның сықпытмен қоса бағамдай алу үшін тек тарихи деректерге иек арту аздық етеді. Әдебиеттің құдіреті мен қасиетін де осы тұстан іздеген жөн. Мәселен, менің өзім осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы Алматыны көз алдыма келтіре алам. Жоқ, сурет альбомдарына қарау жеткіліксіз. Сол кездегі адамдардың ой-қиялы, ұстаным, сенім, арман, мақсат-мүддесі етене таныс. Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қағыс қалдырмай суреттей білген жазушылар еңбегінің нәтижесі бұл. Кеңес үкіметі кезеңінің жарқырап суреттелгені соншалық, оқып отырып, сол заманда өмір сүргің келіп кететіні бар. Өткеннің бәрін тәрк еткен Тәуелсіздіктен бергі кезеңде өмірге келген шығармаларға жолықсаң, бүгінгі күніңе тәубе дейсің. «Ол кез ондай да, мұндай...» деген лепте көк есекке теріс мінгізе жазылған туындылардың көбі Одақтың саясатын жазғырудан басталады. Және сол бағытымен соңына жетеді. «Мәңгілік туы жығылмайтын комунизмге» құдайдай сенген көптеген белгілі, белді тұлғалар өздерін ақтауға жан дәрмен кірісіп кеткендей көрініп кетеді кейде. Өз жазғанының ішінде заманын қаттырақ мақтап кеткен тұстарына ерекше тоқтала келіп, заман талабын алға тарта отырып, «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» дегеннің төңірегінде өрбітеді. Өз еңбектеріне өздері баға беруге талпынған қалам ұстаған қауым ел еркіндігінің алғашқы жылдары мемуарлық шығармаларға көптеп ден қоюының өзін науқан деп қалай атамассың? Демек, әдебиет те белгілі науқандардан тұрады екен-ау деген ой келеді. Анадай құбылыс, мынадай құбылыс деп аузымыздан тастамайтын әдебиеттегі тың бағыттар да осы науқандар тізбегінде дүниеге келіп жатады екен.
Кейбір ақсақалдарымыз өткенге ой көзімен қарап отырып: «Сәбетті жөні жоқ жамандай бермеуіміз керек, оның да тиімді тұстары болды», - деп, терезеден сыртқа, алысқа көз тастай отырып, ыңырана түсіп сөйлегенде даусынан сағыныштың лебі есіп тұрмаушы ма еді?! Мемуарларды оқып, Кеңестен май ішкендей жеріп отырғаныңда қайта ойлантып тастайтын мұндай сөздер «оқуға жарамайды» деп, жаназасы шығарылып қойған шығармаларды тағы бір парақтап шығуға жетелейді. «Қайталау - оқу анасы» дегенді мектепте жиі айтушы еді мұғалімдер. Сол таптаурынның шындығына ден қоятын тұс та - осы. Үстірт өткен тұстары мен сезім жетегіне еріп, байқамай қалған астарларды аңғаруға тырысасың. Ақыл тоқтатқан шағыңда ақыл көзімен оқыдым деп есептейсің. Бәрібір, бала кездегі немесе осыдан үш-төрт жыл бұрынғы жастық шағыңдағы сезім құрсай бастағанын аңғарасың. Ал, сен одан қашуға тырысасың. Себебі, ол заманның тозған естеліктері бізге керек емес. Керек емес! Сенің қазіргі мақсатың өткеннен мін табу төңірегінде. Сонда да, қазір «науқандық шығарма ғой» деп, ат үсті қарауға тырысып бағатын «заманы өткен классиканың» ыстық тартып, жылы ұшырай беретіні несі екен?..
Студент кезімізде өз арамызда күтпеген жерден тұтап кететін «Оқылмайтын жазушылар» атты тіркеусіз дөңгелек үстелден кейін, бір апта өткен соң қайталап бір қарап шығып: «Е, Сәбитің (Мұқанов) бәрі бір классик-ей», - деп еді бір досым. Сірә, «өңшең білгіштің» сөзі өтіп кеткен болуы керек, ерекше зейінмен тағы оқығаны байқалады. Соған қарағанда жазушы қай тақырыпты қаузамасын шеберлікпен жеткізе білсе, қай кезде де оқылымнан қала қоймайтыны рас. Шығарма желісі бір күннің суретін бергенімен, оқиғалардың негізі қай кезеңде де кездесетін болса керек. Қоғам түрлі болғанмен адам біреу ғой, сондықтан оның қанша өзгерді дегенмен, мінез-құлқындағы негізгі ұстын сақталады. Адамзаттық құндылықтар, әділдік, адалдық, сезім, махаббат сияқты мәңгілік тақырыптар қай шығармада болмасын басты рөл атқарады. Жазушының шеберлігі сол, осы қасиеттерді жазбағына арқау еткенде өзі көрген, өмір сүрген қоғаммен жымдастырып жіберуі. Баяғы өткен заманға саяхат жасап қана қайтпайсыз, жан дүниеңіз қажет еткен рухани сұранысты қанағаттандырасыз.
Міне, осы ойдан туған сұрақтар айналасында әдебиетте біте қайнасып жүрген әріптестеріміз бен ақылшы ағамызбен ортақ әңгіме өткіздік. Ешқандай ғылыми зерттеусіз-ақ, әркімнің жеке көзқарасы негізінде арғы-бергіні бір шолып шығып, нәтижесін алдарыңызға ұсынып отырмыз.
Алдымен әңгімемізге тағылған айдарға сай болайық деп, дөңгелене отырдық. Алдымен, інілерінің ортасына түсіп қалған Кәдірбек ағамыздың аузын бағатынымыз айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы басқосуға себепші болған біз ғой, демек, ортаға ой тастау біздің еншіміздегі дүние.
- Алғашқы мәселе, - деймін, даусымды мейлінше ресмилендіріп. Бұл әрекетім үлкенімізге қалай әсер еткенін білмеймін, құлын-тайдай тебіспесек те, қатар құрбы есептелер замандастарымды бір таңдандырды ғой деймін. Әйтсе де, жазған құлда шаршау бар ма, ұйымдастырушы ретінде осы қарқынымнан, қалпымнан таймау керек екенін түйсігім түсіндіріп үлгерді. - Бір парақтап шыққан соң, қайтара ашуға құлшындыра қоймайтын шығармалар болады. Болмаса, керісінше, қанша оқысаң да өзіне тарта беретін, өзіңізге таныс суреттер мен кейіпкерлердің тағы да қауышуға асықтырып тұратыны несі?
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- Осындайда проза мен поэзияны еріксіз салыстыруға тура келеді. Өлең оқу - жеңілдеу. Мейлі баллада, мейлі поэма болсын, басын бастайсың. Қандай дүние екені алғашқы екі-үш шумақтан-ақ аңғарылады. Тіпті қолыңдағы дүние авторының атағы мен шатағы да шарт емес. Тартып әкетсе - табан астында аяғына дейін оқып шығуың мүмкін. Тартпаса - тастай сал. Қағаз бен бояудың обалы - жазған міскінге.
Қара сөз - қиындау. Қолыңдағы қалың кітаптың қадір-қасиетін бағалау үшін біраз шыдам керек. Қомақты дүниенің қатпарлы оқиғаларына қанығу үшін оған бойлай енуге тиіссің. Бұларға қоса шығарма тілінің шұрайы мен бояуының қанықтығы, қаламгер шеберлігі де назардан тыс қалмайтыны белгілі. Кейде тәп-тәуір басталған дүниенің бел ортасына жеткенде тұралап тынасың. Заяға кеткен қайран уақытыңа ішің удай ашиды. Енді қайтпек керек? Дәрияның ортасында тұрсың. Амалсыздан малтығып арғы бетке өліп-талып шығасың, әйтеуір.
Мұндайдан үйренер нәрсе біреу-ақ: нашар жазудың қасірет екені!
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Өз басым нақтылықты ұнатам. Сондықтан, тарихи шығармаларды оқи бергім келеді. С.Сматаевтың «Елім-айы» мен І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» бірнеше рет парақтадым. «Елім-айдың» шешен тілі қызықтырады, ағынды су сияқты төгілген тіркестеріне тәнтімін. Ал, «Көшпенділердегі» ішкі монологтар өте әсерлі, рухтандыра түседі.
Құмар ЖҰМАХАН:
- Бұл енді жазушының шеберлігіне байланысты, кез-келген шығарманы бастап оқи бастағанда екі түрлі сезім болады, біріншісі, бітіп кетпесе екен дап алаңдап отырсың, бітсе, араға уақыт салып қайта қолға аласың. Екіншісі, соңғы бетін жабуға асығасың. Қазақ әдебиетінде әр оқыған сайын бір кереметке куә болатын, қайта-қайта оқылатын шығармалар жеткілікті, кей шығармаларды бала күнімізде оқыдық, кейіпкерлері әлі де көз алдымызда, бүгін қайта парақтасақ, бұрын байқамаған бір құпияны ашамыз, олардың негізінен тілі жатық, өмірдің боямасыз бейнесін түсінікті тілмен береді. Мұндай шығармалардың оқырманы негізінен қарапайым халық. Бейімбеттің әңгімелері, Ғ.Мүсіреповтың Ұлпаны, Әуезовтың Абайы, Бердібектің балалық шағы, Оралханның Алтай туралы жазғандары т.б көптеген шығармалардағы оқиғалар көз алдымызда жүріп жатқандай әсер береді. Олардың шағармаларындағы басты құдірет түсініктілік пен қарапайымдылық және өмірге жақындығы.
Ал, кітабы қайта-қайта оқылмаса да өте жоғары сұранысқа ие авторлар бар. Көбінесе олардың оқырманы әдебиетші қауым болып келеді. Олардың шығармашылығындағы басты ерекшелік ойға аса мән береді, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесінің бұлқынысы, рухани әлемнің жай-күйін, қоғамның дертін жазуға аса басымдылық береді. Баяндауда түрлі-түрлі қадамдарға барады. Бұл шығармаларды әр оқырман қайталап оқымаса да, болашақта әрбір ұрпақ қолына алары анық.
Сосын тағы бір айта кететін бір мәселе бар, кітап аз оқылатын бүгінгі күннің өз оқу мәдениеті бар, ақпарат тасқыны әдебиеттің оқылуына әсер етуде. Жеке басына, мінез-құлқына байланысты БАҚ-тағы шығатын ақпараттарды көрген жұрт шығармашылығын жазушының өзімен шатастырып жүр. «Мағауин елін тастап кетті, қанша мықты болса да оқымаймын!» - деген кітапқұмарларды көргенбіз.
- Бала күніңізде оқыған шығармаларыңыздың ол кездегі әсерінің ерекшелігі сөзсіз. Сол бала көңілге орнап қалған шығарманың ес біліп, ақыл тоқтатқанда немесе әдеби ортаға белсене араласып, көлеңкелі тұстарын көргеннен кейінгі әсері басқаша болуы мүмкін ғой. Бір жазушының пендешілігін көріп яки естіп қаласыз, болмаса, сіздің аз уақыт ішінде азды-көпті жинап үлгерген біліміңіздің нәтижесінде қалыптасқан ұстанымыңызға қайшы келетін тұстарын оқып, «бұрын осыны неге сонша тамсанып оқыдым екен?» - деп, езу тартуыңыз да ғажап емес. Әлде... - деп сұраулы жүзбен бір тоқтадым.
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- Көнетөз текеметтің үстіне ұзынынан төселген құрақ көрпеде етпетіңнен жатып оқыған кітаптардың әсері қандай еді, шіркін! Сол кітаптардың кейбірін қолың қалт еткенде қайта парақтап шығуға аңсарыңның бір ауатыны бар. Мұнда да екі түрлі жағдай. Қайсыбірі бас алмай қайталап шығуға татиды, енді біреулері... Қолыңа қайта ұстауға қорқасың. Ішінде... бала кезде байқамай аттап кеткен, жарылмаған мина жатуы мүмкін. Бала күнгі әсердің тас-талқан болып қирамай, сол мөлдір күйінде қалғанына не жетсін!
Осындай жарылыстарды бірнеше мәрте бастан кешіруге тура келеді. Әлемдік классикадан емес, кеңестік реалистік әдебиеттерден және қазақ әдебиетінен. Көзінен тізіп, атап шығу бұл арада шарт емес шығар. Оның үстіне талғам шіркін, әркімде әртүрлі. Мен ұнатпаған біреулерді біреулер аспандағы ай санаса, соңыма ит қосып қуалауы да мүмкін ғой.
Ал, оқыған үстіне оқи бергің келетін шығармалар да жоқ емес. Бір ғана Бердібектің өзі неге тұрады! «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» тұра тұрсын, «Қайдасың, Гауһарды» қайыра бір оқып көрдіңіз бе? Күліп отырып жылайсың, жылап отырып күлесің. Классика дегеннің мұхиттардың ар жағында емес, Қазақстанның топырағында да өсіп-өніп жатқанын осындай шығармалар тәптіштеп тұрып дәлелдеп береді.
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Мектеп қабырғасында жүргенде тарихи шығармаларға құмар едім. Алайда, студент атанған соң бірінші курстан бастап кенет Оралханға ойысқам. Жарты жылда түгелдей оқып шықтым. Сол кезде бір жазушы ағамызбен танысып, «Оралханмен ауырып» жүргенімді айтқанда ол кісі: «Мұның бәрі уақытша ғой қарағым. Оралхан - жастардың жазушысы. Қиялға, сезімге тікелей әсер ететін болғандықтан саған ол қазір ерекше көрінер. Бірақ, есейген соң оның шығармаларына өзгеше көзқараспен қарайтын боласың», - деген еді. Рас сияқты. Әсіресе, жастық шақта адам ақылдан гөрі сезімнің жетегінде көп жүретінін ескерсек Оралхан шығармалары осы қырынан иектеп алады деуге болады. Бірақ, кейін жазушының тағдырын біліп, жалпы өмірлік ұстанымы мен дүниетанымдық көзқарасынан біраз хабардар болған соң оның шығармалары қайта қарауды талап етеді. Әр әңгімесінде астарлы ой жатады. Мысалы, бір ғана «Терісаққан» әңгімесінің өзі тұнып тұрған сыр, толып жатқан шер деуге болады. Онда «Ағарыс өзенінің бір кездері тасқыны күшті, ағыны қатты, арнасы кең болғаны суреттеле келе кейінгі жылдары суы тартылып, бұрынғы күш-қуатынан айырылғаны» баяндалады. Қарап отырсаңыз бір жай ғана өзеннің тағдыры. Алайда, өзен дегеніміз - халық. Ағарыс - қазақ! Әңгіменің соңында: «Көктем, айналайын көктем-ай, зарықтырмай - зар жұттырмай келсең еді; айналайын көктем-ау, тек сен ғана Ағарысты мұз тұтқыннан құтқара аласың...» - дейді. Мұндағы көктем - елдің еркіндігі болса керек. Ал, мұны бірден оқығанда байқамағам, кейін қайта парақтағанда барып аңғардым.
Құмар ЖҰМАХАН:
- Әрине мұндай жағдай көп кездеседі. Бала күнде оқушы оқиға қуалап оқиды, кейіпкерлерге еліктейді, махаббат тақырыбындағы әдебиетке әуес келеді. Келе-келе талғам өзгереді, кемшілік көре бастайды, өмірмен салыстырады, тарихи тұрғыдан саралайды, бала кезде кумирға айналған бейне, әдеби ортаға белсене араласқанда жек көретін образға айналып шыға келуі мүмкін. Бұл - заңдылық.
- Науқандық шығармалар деген сөз әдебиеттегі ең көп қолданылатын сөз болып кеткендей. Сондағысы, белгілі бір кезеңді тілге тиек еткен, сол кезеңнің сөзін сөйлеу, жаманын жасырып, жақсысын асыру мақсатында жазылған дегенге саяды. Өндірістік романдар деген де бар. Сіздердің алдарыңыздан жиі шығып жүрген сұрақ екенін білем, десе де, мұны айналып өту бүгін де мүмкін болмай тұр. Осындай шығармалардың құны қаншалық осы? Қазір оқу керек пе соларды? Оқу керек болса, қандай мақсатта? Кейінгі жас ұрпаққа берер қандай тәрбиесі бар?
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- Шынымды айтсам, науқандық шығармаларды оқи алмаймын. Редактор ретінде оқу керек болса, амал жоқ, қарап шығуға тура келеді. Ал, басылым беттеріндегі көл-көсір көлгірсіген одасымақ дүниелерді тұшынып оқу - мүмкін емес. Бұл оқырманды рухани азаптау. Онсыз да кітаптан жерініп болған оқырмандарды біз қазір науқандық дүниелермен одан әрі ит көрген ешкікөздендіріп жатырмыз.
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Науқандық шығармалар деудің өзі қалай болар екен? Бір қырынан қарағанда күн тәртібіндегі журналистиканың айтып жүргенін көркем әдебиет жанрына жанастырып жазу науқандық шығарма деп танылатын шығар. Менің түсінігімде қай кезде мейлі қандай сәтте жазылса да, әр шығарманың көздеген мақсаты болады. Қажеттіліктен туады. Мәселе осы қажеттілікте. Шығарманың жазылуына қандай себеп түрткі болды және қандай қызмет атқара алды? Одан кім жылу сезінді? Міне, осы сұрақтарға жауап бере алмаса шығарманың құны көк тиын. Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» сынағандардың көбі жазушыны «публицистика деңгейіне түсіп кетті» деп жазғырады. Бірақ, көркем әдебиеттің оқылуы бүгінде өте сирек. Жалпы адамзат ғаламторға және публицистиканың тіліне иек артқан. Сондайда, шығармасының оқылымы маңызды болған жазушы қалай да бір жол іздейді. Демек, Мағауиннің «Жармағы» осы жолды таңдаған алғашқы шығарма.
Құмар ЖҰМАХАН:
- Бүгінде науқындық шығарма деп кеңес үкіметі кезінде жазылған біраз шығармаларды атауға болар. Меніңше оларды оқудың қажеті шамалы, Тәуелсіздіктен кейін-осіп жетілген ұрпақтың жалпы сол кезге деген жиіркеніші, көңілінде қыжылы бар. Оларға ол кезді, науқандық шағармаларды оқуға насихаттаудың өзі ақымақтық болып көрінуі мүмкін. Бүгінгі оқырмандар оқыса, уақыт сынына төзген, мықты шығарма екендігі дәлелденген, жарнамасы да біразға кеткен шығармаларлы оқиды. Науқандық шығармаларда да өмір шындығы, сол кездегі ұлтымыздың ұстыны, ата-әжелеріміздің кескін-келбеті, типтік образдар бар, бірақ, жаппай халық білуге тиіс деңгейде емес. Жалпы коммунистік кезеңнің кейіпкерлері, бүгінгі кітап оқитын ұлтшылдардың сұранысына жауап бере алмайды, үлгі де бола алмайды.
- Құмардың сөзінен шығады, бір бүгін емес, соңғы кезде Кеңес өкіметін өр үнмен жырлап өткен жазушылардың шығармашылығын оқып керегі жоқ деген пікірлер жиі айтылып қалып жүр. Бұған не деуге болады? Осы күнге дейін классик санап келген жазушылардың біразын әдебиетіміздің тарихынан сызып тастау керек деген сөз бе бұл?
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- Классик жазушылардың қаламынан туған дүниелердің барлығын сүйрелеп, келешекке жетелей беру шарт емес. Кезінде «Советстанды» насихаттап, көпе-көрнеу науқандық мақсатта жазылған дүниелер ертең түгіл, бүгінге жарамсыз болып қалды. Көріңіз де тұрыңыз, ертең латын алфавитіне көшкен тұста көптеген «классикалық» деп саналып келген шығармалар өзінен өзі жұртта қалады. Тіпті біраз жазушылардың әдебиет тарихынан да орын таба алмай қалуы мүмкін.
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Тарихи шындығы бар кез-келген шығарма ешқашан оқылмай қалмақ емес. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуі», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Сырдариясы», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесі» мен Ғабиден Мұстафиннің «Миллонері» қанша жерден кеңес үкіметін дәріптеді десек те оқылуы тиіс романдардың алдыңғы қатарынан түспейді деп білем. Өйткені бұл романдарда ең біріншіден - қазақтың көркем әдеби тілі тұнып тұр, екіншіден - қойнауы толған тарихи дерек. «Өмір мектебін» мектеп қабырғасында-ақ оқыдық. Бірақ, «Алаш азаматтарын сынаған, кейбірін жамандаған» деген сылтаумен қайта ашқымыз келмей қалған болатын. Ал, шындығында, қолыңызға алып, асықпай отырып, әр тарауын талдай оқитын болсаңыз тарихи дерек ретінде пайдаланар өте көп мәлімет табылады. Олардың жазығы не бір қарағанда? Кеңес үкіметіне берілді, коммунизмге имандай сенді. Әйтпесе, қазақ халқын жек көріп, туған ұлтына дұшпандық қылды деуге ауыз бармайды. Сондықтан, «Кеңес өкіметінің жалынды жалаугері болды екен деп кей ақын-жазушылардың еңбектерін тарихтан сызып тастау керек» деген шала сауатты сөз. Ол еңбектер сызылмайды да, өшпейді де!
Құмар ЖҰМАХАН:
- Мұндай пікірдің жаны бар, ол бүгінгі тәуелсіздік пен рухани санадағы сілкіністің әсерінен туған ой болса керек. Ұлттық құндылықтарымызды темірқазық етпеген шығарма бәрібір құнсыз. Бүгінгі әдеби талғам басқа, шығармадан шындық іздейді, біз үшін кеңес үкіметі жалған, ол кезді ақтайтын кез-келген әдемі сөз, біздің жүрегімізді жараны жаза алмайды. Бұл тарихты мансұқтау емес, бүгінгі күннің, әсіресе, жастардың ішкі әлемінің жағдайы. Кеңес үкіметіне жан-тәнімен берілген, әлдебір совхоздың басшысы болған адамды тура бүгін оқу не үшін керек?! Ондай шығармалардың бәрі «еңбексүйгіштік» деген мәселенің айналасына жинақталған. Қоғамда санап аларлық оқырманы қалған әдебиеттің жағдайымен байланыстырып алатын болсақ, ол кез науқандық әдебиетсіз-ақ айпарадай. Одан да бүгінгі күннің бықсығын жазып, келеңсіздігін іреген шығармаларды оқығаным пайдалы. Біз әдетте ақын мен жазушы өз дәуірінің суретшісі деп айтамыз, менің ойымша, кез-келген сөз ұстаған жан, өз дәуірінің суретін ұлттық талғаммен салғаны жөн. Жоғарыда науқандық шығарма туралы ойды осы сұраққа жауап ретінде айтуға да болады. Бірақ, олардың оқылмай қалуынан ол кісілер әдебиет тарихынан өшіп кетпейді. Себебі, ол шығармалар сол кездегі оқырманның талғамына сай жазылды. Ол - біздің тарихымыздың бір бөлшегі.
- Демек, тарихтан сызып тастау керек дей қоярдай басы артық жазушы да, шығарма да жоқ. Қалғанын өмір көрсетеді. Енді мынадай мәселе туындайды, қай кезде жазғанына қарамастан әлі күнге оқылымнан қалмай келе жатқан жазушыларға кімдерді жатқызамыз?
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- Бұл тізімнің бел ортасынан табылатын бір жазушыны жоғарыда айттым. Ал, нағыз шынайы тізімді сауатты әдебиет сыншылары айтуы керек шығар.
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Әлемдік классиканы айтпағанда әлі күнге оқылымнан түспей келе жатқан авторлардың қатарына мен Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен бірге Іляс Есенберлинді, Асқар Сүлейменовті, Оралхан Бөкейді, Сафуан Шаймерденовті жатқызар едім. Көзі тірі классиктерден Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Софы Сматай, Төлен Әбдік, Смағұл Елубайды атаймын. Поэзияда Өтежан Нұрғалиев, Мұқағали мен Қадыр, Жұмекен мен Жұматайлар қолдан түспейді. Бүгінгілерден Есенқұл, Иран-Ғайып, Ақсұңқар, Жәркен ағалардың шоқтығы биік. Ал, Мұхтар Шахановтың өзі бір төбе. Бірақ, ақынның соңғы жазғандарынан гөрі ертеректе шыққан өлеңдері әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда көркем суретті.
Құмар ЖҰМАХАН:
- Әр жазушының тұрақты оқырмандары, аудиториясы болады. Алғашқы шағармаларымен-ақ жұртты елең еткізген әрі ешқашан оқырманын жоғалтпаған жазушылар бізде жеткілікті. Б.Майлин, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, О.Бөкеев, Ш.Мұртаза, Б.Соқбақбаев, Б.Момышұлы, І.Есенберлин, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Д.Досжан, т.б біраз жазушыларды осы қатарға жатқызуға болады.
- Мен жазушымын делік. Тіпті, қазірдің өзінде күні ертең тарихта атым қалып жатса, сол кездегі тың көзқарас, жаңа пікірдегі ұрпақ мен туралы жақсы сөз айта ма, айтпай ма деп қорқа бастадым. - Болмаған жазушы ретінде шығармашылығымды уайымдап отырған түрім. - Енді, бүгін жиналып қалған екенбіз, қалам ұстап, жазушылыққа, ақындыққа бейімделіп жүрген жас буынға айта жүрейін, болашақта да оқылу үшін қазіргі жазушылар қандай тақырыпқа қалам тарту керек? Қалай жазуға тиіс?
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ:
- «Шынына келсек, өз басым қазақ ақын-жазушыларына илана бермеймін. Көпшілігінің қаламын әулие емес, әзәзіл иемденіп кеткен секілді. Әзәзіл жүрген жерде әділет болмайды!» - депті Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабында. Болашақта оқылатын кітап әзәзілдікпен, ішкі есеппен емес, шынайы адамгершілік тұрғыда, таза ниетпен жазылуы тиіс! Ал, тақырып... Тақырып деген көп. Бүгінгі күн, бүгінгі заман дейміз. Бүгіннің бағасы ешуақытта бүгін беріліп көрген емес. Ол - ертең айтылатын әңгіме. Біз, мойындауымыз керек, бүгін тұрмақ кешегі кеңестік кезеңді толыққанды таныта алатын дүние бере алған жоқпыз әлі.
Нұрбек ТҮСІПХАН:
- Әдебиетті Еуропа ежелден табыс көзі деп қарайды. Сондықтан, қарапайым бизнес заңдылығы - сұраныс бар жерде тауар да бар. Осы көзқарас біздің бүгінгі ақын-жазушыларымызды да толғандырып жүргені анық. Бірақ, ешқашан естен шығармайтын бір нәрсе бар. Ол - шығармашылық адамның тапсырыспен жазуы, өзін-өзі қинауы күшеншектікке, ал, күшеншектік жасандылыққа ұрындырады. Табиғи таза талант тарихты да, бүгінгі күнді де тани алады. Танымы алдамайтын жазушы өлмейтін еңбек жазады. Осы жағынан келгенде өзін талантты санайтын кез-келген жазушы өнбейтін том-том кітап жазғанша, өлмейтін бір ғана әңгіме жазғаны дұрыс. Сонымен қатар, шығармашылық адам күн көріс қамымен әр салаға ауыса берсе сөзсіз тоқырауға ұшырайды.
Құмар ЖҰМАХАН:
- Меніңше ұлттық бояуы қанық шығарма көп оқылатыны анық, бүгінгі әдебиет ұлттың тарихы, салт-дәстұрі, мінезі, діні т.б. барлық жағынан сауатты түрде ХХІ ғасырдың кейіпкерінен табылуы керек. Бүгінде біздің қоғамда прототип болатын кейіпкерлер жеткілікті. Жан-жақты білімді, интелектуалды кейіпкерлердің образын сомдай алса болашақта оқылады деп ойлаймын. Тарихи романдар да керек бізге. Әлемдік және ұлттық прозаның өткеніне көз жіберсек, өз ұлтының басынан өткендері арқылы адамзаттық мәселелерді ту еткен шығармалар көп оқылуда. Біздің өткенімізді бір шолып шығар болсақ, бүгінгі жазушылар сабақ аларлық әдебиет тарихы қалыптасып үлгерді деп ойлаймын. Бастысы, тарихи сабақтастық үзілмеуі тиіс.
...Қалай ойлайсыз, дөңгелек үстелді дөңгелетіп әкете алдық па? Ағамыз салмақты інілеріне салып, көп ашылғысы келмейтін сыңай танытқандай ма, қалай? Ал, жастар... Жастар үлкендерді сөйлеткісі келеді. Тыңдағысы келеді. Қарама-қайшылық әйтеуір тұнып тұрған. Өмірдің заңы бұл. Әдебиеттің де өмір заңынан тыс тіршілігі және жоқ. Демек, қарама-қайшы пікірлерді жымдастыруға, үндестіруге тырысып, ортақ мүдде қалыптастыра алдық деп ойлаймын. Арнайы бас қосу болғасын, өзіңіз де түсінесіз, көлденең қысыр кеңес немесе тақырыптан сыртқары дүниелер де аралық жораға жүре береді. Дегенмен, біз керектілерін теріп алып, елші сайлап, оқырманға жөнелтеміз. Бүгінге сіздерге жолдар сәлеміміз осы, аса қадірменді оқырман! Алмас НҮСІП