Ол сәтте атақты ойлап отыратын шама болмады — АҚШ-та ерлік көрсеткен актерлер

ЛОС-АНДЖЕЛЕС. KAZINFORM — 27 жастағы актер Саннұржан Сүлеймен Лос-Анджелес маңында жол апатына түскен америкалық азаматтың өмірін аман алып қалды. Болған жағдай туралы актердің әріптесі Айдана Сахари Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып айтып берді.

Казахстанский актер спас водителя из горящей машины в США
Фото: Еркен Ялгашевтің жеке мұрағатынан

— Бізді белгілі режиссер, кинопродюсер Еркін Ялгашев өзінің үйіне шақырған еді. Сол отырыс болып жатқан кезде қатты дыбыс шықты. Үйдің төменгі жағында келе жатқан машина жолдан шығып кетіп, үлкен таудан шұңқырға құлап кеткен екен. Көрген кезде не істерімізді білмей қалдық. Сол арада Саннұржан екеуміз бірінші болып жүгіріп бардық. Бірақ ол маған қыз болған соң осында қал деді. Саннұржан өзі биік құздан әрең дегенде түсті. Машина өзенге құлапты. Көліктің ішінде бір ғана адам болған екен. Саннұржан сол жерден адамды құтқарып қалды. Жасы үлкен кісі екен. Саннұржан барғанда көлік жанып жатты. Ол кісі машинадан шығып үлгеріпті, бірақ көліктің астында қалып қойған. Алғашында көліктегі қауіпсіздік жастықтары жарыла бастады. Саннұржан үйге жүгіріп келіп, шелек секілді нәрсе іздеді. Өзеннен су алып, өртеніп жатқан көлікке құймақшы болды, — дейді актриса.

Айдананың айтуынша, дәрігерлер мен құтқарушылар 40 минуттан соң ғана келген.

— Ол жақта байланыс та ұстамайды екен. Еркін мырза Starlink байланысы арқылы ауруханаға хабарласты. Ол кісіні жоғарыға шығарудың өзі оңай болған жоқ. Еркін аға үйінде бар арқандарды әкеліп, әрең шығарды. Аурухана қызметкерлері де, өрт сөндірушілер де алыста болғандықтан бірден келе қоймады. Сол арада Саннұржан өзі талпынып, қолдан келгенше көмектесті, — дейді ол.

Актриса бұл жағдайдың хайп еместігін айтып, журналистерге құлаққағыс жасады.

— Маған Саннұржан осы жағдайлардың бәрін түсіріп тұр деді. Өйткені, бір жағдай бола қалса, осы видеоларды дәлел ретінде көрсете алатынымызды айтты. Маған журналистер мен көп адам хабарласып, «Неге бұлай істедіңдер? Хайп па?» деп сұрап жатыр. Бұл хайп үшін түсірілген жоқ. Ол сәтте атақты ойлап отыратын да шама болмады, — дейді Айдана Сахари.

Бұған дейін қазақ актері Саннұржан Сүлеймен, режиссер әрі продюсер Еркен Ялгашев, дыбыс режиссері Думан және актриса Айдана Сахари АҚШ-та жол апатына ұшыраған америкалық жүргізушіні құтқарып қалғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар