Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерді неге ашық сынға алмайды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет мүшелерінің жұмысын ашық сынауға қатысты пікір білдірді.

— Сын айтылады, дауыс көтеріп, қатты айту — басқарудың тиімді әдісі емес. Үкімет мүшелері, өңір әкімдері де үлкен мектептен өткен, жауапкершілігі жоғары адамдар. Ар — ең мықты бақылаушы. Егер адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, оның ісін біреу емес, өзі жақсы бақылай алады. Ал егер басшы қойылған міндеттерді орындай алмаса, жұмыс жүктемесін көтере алмаса, онда ол басшы болудан қалады. Айғайлап, жұрттың көзінше сөгіс жариялағаннан нәтиже шығады деп ойламаймын, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Премьер-министрдің пікірінше, сын конструктивті болуы керек.
— Үкімет отырыстарында сын айтпаймыз деумен келіспеймін. Егер біреу нақты қателік жіберсе, орынды сын айтамыз. Одан бөлек, жабық жиындар да бар. Жалпы жұмыс барысында түрлі мәселе туындайды, сын айтылады. Кейде өте қатты айтылады, түрлі жағдай кездеседі. Жалпы, менің ойымша, Үкімет құрамы жұмыс істеуге қабілетті, Президенттің тапсырмаларын орындап жатыр. Әрине, мәселе жоқ емес, бірақ, мәселені мүмкіндігінше шешуге тырысамыз, — деп толықтырды Олжас Бектенов.
Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты сынға алып, тапсырма берді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы отандық туризмді дамыту саласында кемшіліктер барын мойындап, әрдайым «демалыс маусымына толық дайынбыз» деген әдемі есеп берілетінін мәлім етті.