Олжас Бектенов Ақмола облысындағы құс фабрикасының өндірістік процесімен танысты
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасының өндірістік процесімен, сондай-ақ қуаттылықты одан әрі арттыру жоспарларымен танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Осы жылдың басынан бері құс фабрикасы 18,6 млрд теңгеге 18,7 мың тонна ет өндірді. Цехтарды аралау кезінде әлемдік өндірушілердің жабдықтарын қолдана отырып, инкубациялау, өсіру, сою және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы заманауи технологияларға назар аударылды. Макинск құс фабрикасы құс етін ішкі нарыққа тұрақты түрде жеткізіп отыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ өнімді Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды.

«Үкімет Мемлекет басшысының алға қойған АӨК-тегі қайта өңделген өнімнің үлесін ұлғайту және оны 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі міндеті аясында жұмыс істеп жатыр. Терең өңдеуді дамыту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қолдау және жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау мәселелеріне басымдық беріледі. Отандық өнімдер біздің нарық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шетелде де лайықты бәсекеге түсе алуы керек. Жаңа технологияларды интеграциялау маңызды, бұл өнімділікті арттырып, сапаға тікелей әсер етеді», — деген Олжас Бектенов бұл үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін баса айтты.
Бүгінгі таңда Макинск құс фабрикасынан бөлек, Өскеменде өз өндірісіндегі құс етінен шұжық өнімдері мен деликатестер шығаратын зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ Үкімет басшысына Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарының аумағында өндірістік қуаты 240 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын ашу жоспары туралы баяндалды. Жоба ТМД-дағы ең ірі жоба болады деп жоспарланып отыр. Құрылысты келесі жылы бастау көзделген. Жалпы алғанда, қуаттылықты арттыру елдің құс етіне деген ішкі қажеттілігін толық жабу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, Алматы облысында 100 мың тоннаға құс етін терең өңдеу зауытын салу жоспарда бар.

Биыл өңірдің азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары 52,6 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,3%-ды құрады. 2024-2026 жылдары жалпы құны 123,6 млрд теңгені құрайтын 74 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарда бар. Премьер-Министр жобалардың уақтылы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.