Олжас Бектенов аутизмге шалдыққан балалардың көбею себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 13,9 мың бала аутизм спектрінің бұзылуына шалдыққан. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

аутизм
Фото: «Асыл Мирас» Аутизм орталығы

— Бүгінде психикалық өзгеріске ұшырау салдарынан мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 32,4 мың адамды құрайды. Оның ішінде аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) бар балалар — 13,9 мың (42,9%). Соңғы үш жылда аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мыңға дейін (жыл сайынғы өсім — 35%) артты. Олардың санының артуы анықтау деңгейінің жақсаруы, ерте диагностика және M-CHAT ерте скринингін енгізумен байланысты. Бұрын АСБ бар балалар статистикаға енгізілмеген, — деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, 2025 жылы 2025-2027 жылдарға арналған АСБ бар балаларға көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен АСБ-ны ерте анықтау мен диагностиканы жетілдіруге бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланған.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация мен аутизмнің дамуы арасында ешқандай байланыс жоқ екені расталғанын хабарлаған еді.