Олжас Бектенов: бизнес ведомстволар арасындағы байланыстың нашарлығынан зардап шекпеуі тиіс

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов бизнес бастамаларды қаржыландыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Олжас Бектенов: бизнес ведомстволар арасындағы байланыстың нашарлығынан зардап шекпеуі тиіс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Мемлекеттік органдар инвесторларға барынша қолдау көрсетуі тиіс, министрліктер мен әкімдіктер инвестициялық жобаларды қолдауға тікелей жауапты. Бизнестің бастамалары ведомстволардың арасындағы өзара байланыстардың нашарлығынан зардап шекпеуге тиіс. Салалық министрліктер жобалардың іске асырылуын қатаң бақылау тетігін әзірлесін. Сонымен қатар әкімдіктер инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жергілікті бюджеттердің қаражатын белсенді түрде тарту қажет. Қаржы министрлігі де басым жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін, — деген тапсырма жүктеді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Одан әрі Премьер-министр екінші деңгейдегі банктер нақты секторды қаржыландыруға белсенді қатысуы керектігін тілге тиек етті. 

— Мемлекет субсидиялау, кепілдік беру және қайта қаржыландыру құралдарымен қамтамасыз етуге дайын. Ал, банктер тек сауда немесе тұтыну кредиттерін беріп қана қоймай, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалармен де жұмыс істеуге әзір болуға тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік институттар мен банктер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік қаржы құрылымдары екінші деңгейдегі банктердің қызметін қайталамай, олардың қаржыландыру ісіне қатысуы үшін жағдай жасауы қажет. Жалпы, біз жеке инвестиция құралдарын, оның ішінде корпоративтік облигациялар шығаруды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дамытуға тиіспіз. Министрліктер, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен банктер ұлттық экономиканың сапалы әрі қарқынды өсуі үшін барлық ресурсты жұмылдыруы қажет, — деп толықтырды Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономиканың нақты секторын қаржыландыру саласындағы бірқатар проблеманы көтерген еді

Сондай-ақ Премьер-министр инвестициялық жобаларды пысықтауда мемлекеттік органдардың сылбыр екенін айтты

Соңғы жаңалықтар