Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысын өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысын өткізді. Ұйымның 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және ағымдағы қызметтің өзекті мәселелері қаралды.

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның негізгі көрсеткіштерінің жүзеге асырылуы туралы баяндады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жинақталған инвестициялық портфель $16,5 млрд деңгейіне жетті, инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда $700 млн-ға ұлғайып, $2,4 млрд-ты құрады.
Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге қосқан үлесі бар жобалардың үлесі 30%-дан асты, бұл нысаналы көрсеткіштерден 2 есе көп. ЕАДБ техникалық қолдаудың жобалық портфелін айтарлықтай ұлғайтты – 2024 жылы бұл көрсеткіш 76%-ға өсіп, тарихи ең жоғары деңгейге жетті.
Басқарманың жылдық есебіне сәйкес, Банктің Қазақстандағы инвестициялық портфелі $7,2 млрд-қа жетті, оған 116 жоба, оның ішінде ағымдағы $2,9 млрд-қа 43 жоба кірді. Сондай-ақ Армения, Қырғызстан және Тәжікстандағы бастамаларына инвестициялардың өсуі атап өтілді. 2025 жылға ЕАДБ жинақталған портфелінде барлығы 305 жоба бар.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша биылға арналған инвестициялар жоспары орындалды – жаңа қол қою көлемі $2,1 млрд-ты құрады. Дайындықтың жоғары сатысында қол қойылған жобалардың әлеуетті көлемі $4 млрд-тан асады.
Айта кету керек, ЕАДБ құру туралы келісімге Өзбекстан Республикасы ресми түрде қосылды. Отырыс барысында Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов Банкпен белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар шешім, оның ішінде ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы шешімдер қабылданды. Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ЕАДБ Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Төрағаның орынбасары болып ҚР қаржы министрі Мәди Такиев тағайындалды.
Айта кетейік, Үкімет инфляцияны тежеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірледі.