Олжас Бектенов «инвестицияға тапсырыс» тетігін түбегейлі жаңартуы тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Ірі инвесторларды іздеу және оларды елімізге тарту жұмысын күшейту керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық циклды толыққанды іске қосу үшін белсенді шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл бағытта ұзақмерзімді және технологиялық инвестициялар тартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өнімді терең өңдеуге баса назар аудару керек. Жалпы қосылған құнды еселеп арттыратын серпінді жобаларға басымдық берілуге тиіс. Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес, алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 3 есе ұлғайту көзделген, - деді ол.
Премьер-министр осыған байланысты технологиялар мен құзыреттерді енгізіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін ірі инвесторларды іздеу және оларды елімізге тарту жұмысын күшейту керектігін айтты.
- «Инвестицияға тапсырыс» тетігін жетілдіру маңызды, ол Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық мүдделеріне сай келетін әрі ғылымды арқау еткен жаңа буындағы өндірістердің драйверіне айналуға тиіс. Сыртқы істер министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде «инвестицияға тапсырыс» тетігін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін. Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі апта мерзімде қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын жобаларға инвестициялар тарту үшін қосымша ынталандыру шараларын пысықтасын, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ете отырып, қаржылық тәртіпті күшейтуі қажеттігіне назар аудартты.
- Әкімдерге қосымша кірістерді жұмылдырып, ішкі резервтерді барынша пайдалануды тапсырамын. Бұл өңірлердің жоспардан тыс республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Премьер-министрдің дерегінше, негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Ұлытау, Абай облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында оң динамика қалыптасып отыр.
- Ал, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Жетісу облыстарында екі индикатор бойынша төмен көрсеткіштер тіркелді. Аталған өңір басшылары жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауға тиіс, - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімді шетел нарығына шығарудағы кедергілерді азайтуды тапсырған еді.