Олжас Бектенов коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауға алуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Инфляцияға реттеліп көрсетілетін қызмет тарифтері мен бағаларынан болатын әсердің ең төмен үлес салмағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес белгілеген деңгейде сақталуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

тариф
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Көбінесе өнеркәсіптік алаңдар құрылғаннан кейін әкімдіктер тарапынан қажетті инфрақұрылымды қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Мәселен, инфрақұрылымды өз қаржысына жеткізу мүмкіндігі бар өңірлер республикалық бюджеттен қаржыландыруды жылдап күтеді. Осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымын салуға қаражаттың бөлінуін ескеруі қажет, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр электр энергиясымен, жылумен және сумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын баса айтты.

- Салалық министрліктер мен өңірлер «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, теңдестірілген тарифтік саясатты жалғастыру маңызды, өйткені ол басқа да тұтыну нарықтарындағы бағаның өсуіне әсер етеді. Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар экономикалық және әлеуметтік жағынан тепе-теңдікті сақтай отырып, коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауға алсын. Инфляцияға реттеліп көрсетілетін қызмет тарифтері мен бағаларынан болатын әсердің ең төмен үлес салмағын Экономикалық саясат жөніндегі кеңес белгілеген деңгейде сақтауды тапсырамын, - деді ол.

Соңғы жаңалықтар