Олжас Бектенов құрылыс саласының қызметкерлерін марапаттады
АСТАНА. KAZINFORM - Құрылысшы күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағы енгізілді.

«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы еңбек адамының беделін арттыруды көздейді. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін атап көрсетті. Бұл – сіздердің еңбектеріңізді мемлекеттік деңгейде бағалау мен нақты қолдаудың шынайы көрінісі. Үкімет тарапынан алдағы уақытта да отандық құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қажетті инфрақұрылымды дамытуға және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға басымдық беріледі. Біз жаңа технологияларды енгізу және кәсіби стандарттарды жетілдіруге жағдай жасауды жалғастырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сөз барысында Премьер-министр елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі құрылыс секторының маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанның ЖІӨ-дегі саланың үлесі 6%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 19 млн м2 астам, оның ішінде 170 мыңнан астам тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында – 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынды. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың басынан бері 18%-ға өсті.
Президент қойған құрылыс үдерістерін жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде цифрлық шешімдерді енгізу, бюрократиялық кедергілерді жою және саланың кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі өзекті тәсілдерді көрсететін жаңа құрылыс кодексі әзірленді.

Жиында марапатталғандардың атынан құрылыс саласының ардагер Қайсар Омаров пен «СAPITAL GROUP ST» ЖШС инженері Бауыржан Махан сөз сөйледі. Құрылыс секторының қызметкерлері Мемлекет басшысына олардың еңбегін жоғары бағалап, жұмысшы мамандықтарын дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.
«Мереке қарсаңында Мемлекет басшысына «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы қайтадан мемлекеттік наградаға айналғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл бізге, құрылысшыларға деген ерекше құрмет», — деп атап өтті «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағымен марапатталған Қайсар Омаров.

«Бүгінгі марапат – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі және құрылыс саласының барлық өкілдері үшін зор құрмет. Біз Мемлекет басшысының құрылыс саласына көрсеткен қолдауына ризашылығымызды білдіріп, шын жүректен алғыс айтамыз. Елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін. Құрылысшы күні құтты болсын»,— деп толықтырды «СAPITAL GROUP ST» ЖШС инженері Бауыржан Махан.
Құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Олжас Бектенов үздік қызметкерлерге Президент атынан марапаттар табыс етті.

Марапатталғандар:
«Парасат» орденімен
Владимир Лютов – «Қазқұрылысжүйе» ЖШС бас директорының кеңесшісі
Қасымқұмар Ыбыраймов – «Мемсараптама» РМК Жобаларды сараптау басқармасы өндірістік бөлімінің көлік секторының сарапшысы, Астана қаласы
Мұратбек Рыспаев – «Қазқұрылысжүйе» ЖШС бас директорының кеңесшісі
«Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағымен
Қайсар Омаров – құрылыс саласының ардагері, Астана қаласы
«Құрмет» орденімен
Мұратбек Байтелиев – «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС директоры, Түркістан облысы
Ерқанат Дүйсекенов – «Вита» ЖШС құрылтайшысы, Павлодар облысы
Анар Масанова – «Мемсараптама» РМК сарапшысы, Астана қаласы
Әсет Мұқаев – «НС Жүйе» ЖШС бас директоры, Қарағанды облысы
Сержан Нәметша – құрылыс саласының ардагері, Қызылорда облысы
Серікпай Рустанбеков – «Мемсараптама» РМК сарапшысы, Маңғыстау облысы
Марат Ыбраев – «Алуа Құрылыс» ЖШС учаске бастығы, Ақмола облысы
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен
Мұрат Беріков – «Интеллект Азия» ЖШС прорабы, Жамбыл облысы
Бауыржан Мұхамеджанов – «АЛКОН+» фирмасы» ЖШС директорының орынбасары, Астана қаласы
Авез Таңсықбаев – «Сырым Блеке» ЖШС автокран машинисі, Жамбыл облысы
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Ермек Абаев – «ENKI» ЖШС экскаватор машинисі, Ақмола облысы
Людмила Голубева – «Сарапшылық ұйымдар палатасы» Ұлттық бірлестігінің сарапшысы, Астана қаласы
Нұркен Жұмағұлов – «Отар Құрылыс» ЖШС директоры, Түркістан облысы
Бақытгүл Зәкенова – «Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМК VІ разряд сылақшысы
Көшкен Кенжебаев – «АБК-Бетон зауыты» ЖШС жөндеуші-слесары, Астана қаласы
Бәтима Қожахметова – «Алуа Құрылыс» ЖШС сметашы-инженері, Көкшетау қаласы
Бауыржан Махан – «СAPITAL GROUP ST» ЖШС инженері, Маңғыстау облысы
Аманғали Омаров – «Қазбаев М.У.» ЖК прорабы, Астана қаласы
Елена Садчикова – «Мемсараптама» РМК-ның Батыс өңірі бойынша филиалы – Атырау облысы бойынша департаментінің сарапшысы
Жасқар Сәтмағамбетов – «ДСК GLB» ЖШС өндіріс бастығы, Астана қаласы
Анатолий Таипов – «ГСУ «Құрылыс» ЖШС учаске бастығы, Павлодар облысы
Осыған дейін ресми түрде Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы басталғаны туралы жаздық.