Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен келешегі зор жобаларды талқылады

АСТАНА.KAZINFORM - Премьер-министр Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесі қатысушыларымен кездесу барысында Президент белгілеген инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын талқылады.

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысы аясында отырысқа қатысушылар – шетелдік компаниялар мен ірі қаржы ұйымдары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. 

Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысына назар аударылды. Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп және металлургия саласындағы, оның ішінде терең өңдеу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрландыру және ЖИ, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес бастамаларды құптайды және экономиканың өсуіне бағытталған жобаларға қажетті қолдау көрсетеді.

Solidcore Resources plc бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесу барысында бағалы және түсті металдарды өндіру және қайта өңдеу, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Павлодар облысында гидрометаллургия комбинатын (ЕГМК) салу жобасын жүзеге асыруға назар аударылды. Solidcore Resources plc компаниясының жобаға инвестициясы $978 млн-ды құрайды, ТМК қуаты – құрамында 300 мың тонна алтыны бар концентратты қайта өңдеу және жылына шамамен 15 тонна алтын шығару. Өңірде 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Компанияның Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет қалайы кен орнында және Қостанай облысындағы Тоқтар алтын кен орнында өндіріс қуатын жаңғырту және арттыру жоспарларына назар аударылды. Аталған жобаларды жүзеге асыру қосылған құнның ұлғаюымен қайта бөлуді арттыруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстан экономикасына қосымша серпін береді. Сонымен қатар Варварин кен орнында күн және газ поршенді стансалары мен газ тарату инфрақұрылымы кешені бар энергетикалық кластер құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Олжас Бектенов өндірісті кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бизнес бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Үкімет тарапынан мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Solidcore Resources plc бас атқарушы директоры Виталий Несис өз кезегінде Қазақстанда металдарды барлау, өндіру және өңдеуді қамтитын толық циклді кәсіпорындарды дамыту үшін жасалған қолайлы жағдай туралы айтты.

Айта кетейік, Президент Үкіметке мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар